Домбыра арқылы ұлттық мәдениетке құрмет артып келеді

Бүгін Ұлттық домбыра күні. 

Қазақтың қара домбырасы арқылы жас буынның ұлттық мәдениетке, төл өнерге деген құрметі артып келеді. Соңғы жылдары ұлттық аспапты тартып үйренем деушілерде көп. Домбыра мектептеріне де сұраныс бар. Тіпті мемлекеттік грант санын көбейту жолдары қарастырылып жатыр. Айта кеткен жөн,  Ұлттық домбыра күні 2018 жылдан бері аталып келеді.

Арманы асқақ Мейірбектің домбыра үйреніп жүргеніне екі жыл болған. Қазір ұлттық аспаптың құлағында ойнайды. Ал кішкентай саусақтары пернелерді дөп басады. 

Мейірбек Абай, домбырашы:

- Мен Ерке сылқым, Адай, Балбырауын күйлерін білем. Менің ұстазым Айнұр Жанатқызы маған көп күйлер үйретті. Мені ата-анам домбыраға алып келді. Менің отбасым музыкальный отбасы. Отбасымда түрлі-түрлі аспаптар бар. Скрипка, қобыз, кларнетпен отбасым айналысады. 

Ұстазы оның ерекше ынталы екенін айтады. Бірақ үйірмеге ұяда көргенін ілуге келгендер саусақпен санарлық. Көбінің домбыраға қызығушылығы әлеуметтік желідегі өнерпаздар арқылы оянған. 

Айнұр Жанатқызы, домбыра мұғалімі:

- Осы 1-2 жылда негізі домбыраға деген қызығушылық өте арта түсті. Себебі қазір тикток тренд деген бар ғой. Тикток, инстаграм арқылы домбыра аспабы өте танымал болып жатыр біздің кішкентай балалардың арасында, және үлкен кісілердің де арасында. 

Бұл үрдісті Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры Орынбай Кәріғұлұлы да байқаған. Өйткені соңғы жылдары ұлттық аспаптар факультетіне түсушілер қатары көбейді, дейді ол.

Орынбай Кәріғұлұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

- Өзін өзі танып, аты-жөнін, тегін түзеп, аты-жөнін қазақша жазып, қазақша сөйлеп, қазақша ойлау деген сияқты сондай серпіліс бар қазақта. Мына жастардың арасында. Өзінің мәдениетіне, соның ішінде ән-күй мұрасына, жыр мұрасына деген қызығушылық жылдан-жылға көбейіп, мына осы саладағы студенттердің қатары да көбейіп, жылдан-жылға мына грантқа көптеген сұраныс қазір. Соған байланысты оқу гранттарын әртүрлі жолмен көбейту қарастырылуда.

Қазақстанда ұлттық домбыра күні 2018 жылдан бері тойланып келеді. 13 маусым күні арнайы жарлыққа қол қойылған. Содан бері жыл сайын мереке қарсаңында республика деңгейінде флешмобтар ұйымдастырылып, түрлі мәдени шара өтеді.

Серік Сенлеубайұлы, Әлішер Әли