Қызылордада күйшілер байқауы өтіп жатыр
Қызылордада «Сыр толқыны» атты 1-республикалық күйшілер байқауы басталды.
Ұлттық домбыра күні мен дәулескер күйші Қазанғаптың 170 жылдығына арналған сайысқа ел түкпірінен жиналған 20 шақты өнерпаз қатысып жатыр. Байқаудың алғашқы кезеңінде Әлшекей, Құрманғазының туындыларын орындаған жас дарын иелері келесі айналымда Сүгір мен Тәттімбеттің шертпе күйін тартып сайысады. Жеңімпаздар «Домбыра – халық мұрасы» атты фестивальде өнер көрсетуге мүмкіндік алады. Ұлы дала сазын қос ішек пен тиегіне тоғытқан фольклорлық-этнографиялық төл аспабтың насихатын асыратын шығармашылық бәйгесі Сыр өңірінде дәстүрлі түрде өткізілмек.
Әбілжан Тәттімбет, күйші:
- Бүгінгі ойнаған күйлерім 1-турда Қазанғаптың күйі «Ақжелек», Шалмырзаның күйі «Баулы ешкі», Әлшекейдің күйі «Толқын», Құрманғазының күйі «Байжұма» және Мөкейдің күйі «Қосбасар». Осындай конкурстар негізі қатысушыларға сенімділік береді. Жақсы өседі, дамиды, тұлға ретінде қалыптасуға септігін тигізеді. Күй тарту үшін нота білу аз, жан дүниеңмен, жүрекпен де тарта білу керек.
Ерболат Мұстафаев, қазылар алқасының төрағасы:
- Жер бетінде 300-ге тарта ұлт болса соның ішінде тек қазақ деген халықта ғана сахнаға шығып тартатын 10 мың күй бар. Ондай байлық ешқандай ұлтта жоқ. Біз соның әлі мәнін түсінбей жатырмыз. Жастарға түсіндіруіміз керек. Балалардың былай аяқалысы жаман емес, бірақ сәл-сәл көңіліміз толмай отыр. Қазіргі жастар қатты ұрып тартады. Қақпақты ұрып тартпау керек. Домбыра деген жұмсақ аспаб. Оны тек бауырын жазып, халыққа жағымды қылып тарту керек. Біз соны көбінесе түсіне бермейміз.