Жаңа күй жарыққа шықты

Павлодардағы Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің репертуары жаңа туындымен толықты.

Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік концертте жас музыкант Ұғыбайдолла Мүфтәннің «Алаш қырандары» атты шығармасының тұсауы кесілді. Ұғыбайдолла алаш зиялыларына арналған туындыны төрт жыл бұрын жазған. Жаңа күйді алғашқылардың бірі болып тілшіміз Қарлығаш Қасиетова да тыңдаған еді.

Бірнеше туындының авторы Ұғыбайдолла Мүфтән өнерлі отбасында дүниеге келген. Оның қарындасына арнаған «Жанеркем» деген күйі және халық әні «Ақбақай» әуенінің фантазиясына жазылған шығармасы оркестрдің реперуарына еніп отыр. Ал «Алаш қырандары» күйіне бірінші болып ұстаздары бағасын берді.  

Талғат Кәрімов, Р. Омаров атындағы Қазақ ұлт аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі:

- Шығармасының өзі де сондай аласапыран, осындай бір не болып жатады да соғыс болып жатыр. Басында әрине жай басталады. Бір жоқтау ретінде. Содан кейін екпіні көтеріліп, бір ат шабыс рухты көтеруге де жақсы.

Күйдің шығу тарихы да ерекше. Ұғыбайдолла үйде қамалып отыруға мәжбүр болған пандемия кезінде теледидардан алаш зиялылары туралы фильмдерді үзбей көреді. Кейін кітаптарды ақтарып, интернеттен деректер іздейді. Алған әсері артынан күй болып төгіледі.

Ұғыбайдолла Мүфтән, Р. Омаров атындағы Қазақ ұлт аспаптар оркестрінің артисі:

- Кейін сол түсіме кірді яғни түсімде аспанда қалықтап жүрген қыран құс жаңағы қос қанаттарын жайып жалғыз өзі ұшқан секілді,  аспанда жалғыз өзі бір патша секілді іспетті көрінді маған. Кейін оянып кеттім. Келесі күні сол бір белгі болғандай болды ма? Күйдің алғашқы әуендері шыға бастады домбырада.

Толыққанды жазылған туындыға  білікті мамандар сәл ғана өзгеріс енгізіпті. Рухы жоғары, екпінмен орындалатын күйдің тұсаукесері домбыра күнімен тұспа - тұс келіп отыр.

Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт асаптар оркестрі Ұғыбайдолла Мүфтәннің шығармаларын көптеген мерекелік концерттерде орындап жүр. Әріптестері қазақ өнеріне әлі талай тың туынды қосылады деген сенімде.

Сәуле Мұқаева, Иса Байзақов атындағы филармония басшысының шығармашылық жөніндегі орынбасары:

- Ұғыбайдолланың бүгінгі шығармасы тек қана Павлодар өңіріне емес, жалпы қазақ еліне үлкен бір мәдени тарихта қалатын шығарма деп білемін. Өйткені біздің Ұғыбайдолла тек қана өзінің шығармасымен ғана емес жалпы халық әндерін басқа да шығармаларды біздің оркестрге лайықтап жұмыс жасап жатыр.

Күрделі күйді жарыққа шығарудың сәті енді түсті. Өнерпаз жігіт домбырадан бөлек сыбызғыны да жетік меңгерген.

Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков