Оралда домбыра музейі ашылды

Сәулеті ерекше мәдени нысанға қазақ халқының әйгілі ақын, жыршы, күйшілері ойнаған аспаптар қойылған, деп хабарлайды 24kz.

Ұлттық домбыра күні есігі айқара ашылған мұражайда ұлы күйші Құрманғазыға тиесілі бұйымдарға арнайы зал бөлінген. Сондай-ақ қос ішекпен жүрек қылын шерткен шебер орындаушы Дина Нұрпейісованың шапаны құнды жәдігерлер қатарында тұр.

Аружан Нұржанқызы, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының студенті:

- Жаңағы тартқан күйім – Құрманғазының күйі «Адай». 6 жасымнан бастап қолыма домбыра алдым. Динаның рөлін сомдашы деп кішігірім көрініске шақырған болатын.

Ұлы дала сазын бүгінге жеткізген аспаптың тарихы мен даму үдерісімен танысуға оралдықтардан бөлек туристер де келіп жатыр. Мұражайға қойылған 100-ге жуық экспонаттың басым көпшілігі түпнұсқа көне жәдігерлер. Музей ұжымы оларды іздеп табу үшін әлемнің түкпір-түкпірінен мәлімет жинаған.

Нұрлыхан Хайрушев, музей меңгерушісі:

- Музей неге Оралда ашылды деген сұрақ болуы мүмкін. Өйткені Оралда 1 емес 2 күйшілік мектебі бар. Біріншісі төкпе күйшілік болса, екіншісі төре күйшілік өнері. Құрманғазы күй атасы болғанымен, Дина күй анасы ретінде батыс өңіріне, барлығымызға белгілі. Көптеген шықпаған Құрманғазының 1962 жылы ұрпақтары табыстаған сауыты экспозицияға шығып отыр бүгін 62 жылдан кейін.

Таяу күндері музей жанынан домбыра үйірмесі мен шеберлік сабағын өткізетін сынып ашылады.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Альбина Құмарғалиева, Болат Жарылғасов, Эльдар Аюпов