Қытайда Ұлттық домбыра күні ұлықталды
Ұлттық домбыра күні Қытайда да аталып өтілді, деп хабарлайды 24kz.
Еліміздің елшілігі Бейжің ұлттық аспаптар оркестрімен бірлесіп, мәдени-имидждік іс-шара өткізді. Ұйымдастырушылар бұл жолы домбыра мен қытайдың 4 бірдей ұлттық аспабын үндестірді. Мерекелік іс-шара барысында қазақ пен қытай балалары бірлесіп, бірнеше күй орындады. Оған жергілікті қазақ диаспорасының өкілдері, қалалық оркестрдің жас музыканттары, дипломаттардың балалары мен оқушылар қатысты. Басты мақсат – екі елдің мәдениеті, ұлттық құндылықтары мен өнерін ұштастырып өскелең ұрпаққа таныстыр.
Мұрал Бимұрат, ҚХР Орталық ұлттар университеті домбыра кәсібінің оқытушысы:
- Бейжіңдегі қазақтарда әрбір үйде домбыра тұрады. Балалар домбыра үйренеді, әрине. Енді жақын арада қазақ ұлтына, қазақ мәдениетіне қызығушылықпен қытай халқы да, ата-аналар балаларын осы домбыра мамандығына жіберіп жатыр, үйреніп жатыр. Өз басым университетте домбыра кәсібінде 8 оқушым бар. Қазақ мәдениетіне үлкен қызығушылықпен қарайды. Біз осындай кішкентай қимыл болса да, ақырындап мәдениетімізді таныстырып жатырмыз.
Лию Хуой, Бейжің ұлттық аспаптар оркестрінің әртісі:
- Маған домбыраның күмбірі ерекше әсер етеді. Оны шертуді 13 жасымнан бастап үйрендім. Осы күнге дейін домбыра тартуға 100-ге жуық баланы баулыдым. Бүгінгі іс-шараға ең кішкентай шәкірттерім қатысып отыр. Қазақ жұртын Ұлттық домбыра күнімен құттықтаймын!