Көктөбеде Dombyra Party өтті
Ұлттық домбыра күніне орай Алматыдағы Көктөбе төрінде Dombyra Party мерекелік шарасы өтті, деп хабарлайды 24KZ.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің домбырашылары ашық аспан астында күйден шашу шашып, ұлттық әуендер орындады. Сонымен қатар қонақтар қазіргі заман композиторларының шығармаларын оркестрдің орындауында тамашалады. Ал жеке домбырада Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Секен Тұрысбеков өнер көрсетті. Мереке аясында белсенді көрерменге домбыра жасау шебері Жолаушы Тұрдығұловтың домбырасы сыйға тартылды.
Алтынбек Ахметов, Құрманғазы оркестрі директорының шығармашылық жөніндегі орынбасары:
- Бүгінгі іс-шара Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық халық аспаптар оркестртінің 90 жылдық мерейтойы аясында және де бүгінгі мереке Ұлттық домбыра күніне арналады. Бүгінгі күннің басты мақсаты – бұл домбыраны дәріптеу. Бұл күн ресми түрде 2018 жылдан осы шілде айының бірінші жексенбісінде тойланып келе жатыр.