Мәскеуде Ұлттық домбыра күні аталып өтті
Қазақ халқының асыл қазынасы Домбыра күнін Ресейлік қандастарымыз да атап өтті, деп хабарлайды 24KZ.
Алтай, Қарақалпақ, Қырғызстан, Омбы мен Мәскеу қазақтары, Дағыстан ноғайлары мен өзге де ұлт өкілдері домбыра күніне орайластырып, ұлттық аспаптар кешін ұйымдастырды.
Мәскеудегі «Халықтар достығы мен ұлттық мәдениеттердің дамуын қолдайтын «Астана» қорының Домбыра күніне арнап өткізген кешінде күмбірлеген күйден шашу шашылып, күміс көмей әншілер ән шырқады.
Амантай Жүнісов, Омбы қаласы «Мөлдір» қазақ мәдениеті орталығының директорының орынбасары:
- Балаларды біттей кезінен домбыраға үйретсек, салт-дәстүрімізді білсе, олар тілін білмесе де, домбыра ойнаса, олар «мен қазақпын» деп түсінеді. «Языковой барьер» дегеннен өтеді. Домбырамен бәрін айтуға болады.
Бұл кеште әзербайжанның сазы, тәжіктің сетары, қарақалпақ дутары, ноғай мен қырғыз домбырасының үні жиналғандарды тәнті етті. Бұл шара қазақ халқының музыкалық дәстүріне арналған «Уақыттан тыс әуен» жобасы аясында ұйымдастырылды. Оның мақсаты – ұлттық құндылықтар мен этникалық мұраны сақтау.
Жарқын Утешова, Мәскеу қаласындағы «Астана» қорының президенті:
- Ұрпағымыз біздің салт-дәстүрімізді ұмытпасын, біздің ата-бабаларамыздың қасиеттеп келе жатқан қара домбырасын біліп, әрбір қазақтың үйінің төрінде домбыра тұрсын деген мақсатпен ұйымдастырып жатырмыз. Біздің ұлттық аспаппен таныс болсын деп өзге ұлт өкілдерінен қонақтар шақырдық.
Қазақ халқының төл өнерімен жақынырақ танысамын дегендер үшін мәскеулік қандастар ВДНХ-дағы Қазақстан павильонында жаңадан домбыра үйірмесін ашты.
Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров.