Қарқара жайлауында қымызмұрындық өтті

Алматы облысының Кеген ауданындағы Қарқара жайлауында қымызмұрындық өтті, деп хабарлайды 24KZ.

Оған Алатаудың қос баурайын қатар жайлаған қазақ пен қырғыз елінен 4 мыңнан астам көрермен қатысты. Осылайша, бір кездері қанды Қарқара атанған тарихи мекен балуандар белдесіп, бәйгенің көркін қыздырған ұлы той алаңына айналды.

Қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін дәріптеуге арналған «Биебау» және «Қымызмұрындық» шарасы Қарқара жайлауында бірнеше жылдан бері ауқымды мереке ретінде аталып келеді. Еліміздің түкпір-түкпірі мен Қырғызстанның көршілес аудандарынан жиналған меймандар бұл жолы қолөнер шеберлерінің көрмесін, қазақ эстрада жұлдыздарының өнерін тамашалап, ұлттық ойындарға куә болды.

Роза Қазыбайқызы, қолөнер шебері:

- Менің өзімнің 56 жылдық тәжірибем бар. 10 жасымнан бастап тоқыма тоқығанмын. Қазір кілем тоқып жатырмын. Қазақтың салт-дәстүрін біз артқа тастап, көрсетуіміз керек қой. Өзімізбен алып кетпейміз сол үшін. Біз шығып жүрміз барлық жерге. Кеше ғана Қырғызстаннан келдік. Алдында Түркияға бардық.

Тоққожа Естенов, Алматы облысының құрметті азаматы:

- Көріп отырсыздар, мынау болып жатқан шара – бұл болашақ ұрпаққа үлгі. Өйткені көп жылдар бойы біздер осы қазақтың ұлттық дәстүрін, ұлттық салт-санасын, солардың бәрін ұмытып кеткен болатынбыз. Міне, біздің егемендік келгелі соның бәрін жаңалап, ұлт екенімізді, халық екенімізді, соның бәрін көрсетіп жатырмыз. Бүгін, міне, өздеріңіз көріп отырсыздар, бүкіл қазақ халқына тән сән-салтанат, ұлттық ойындарымыздың барлығы өтіп жатқаны – соның дәлелі.

Қарқара төрінде ұйымдастырылған ұлттық ойындардың бас жүлдесіне 3 темір тұлпар тігілді. Қазақ күресінен түйе палуандар арасында шымкенттік Марат Байкамуровтың бағы жанды. Құнан бәйгеде Жамбыл облысының Қордай ауданынан келген Айдар Нұрмұхамбетовтың Граф атты сәйгүлігі алдына қара салмады. Ал аламан бәйгеде Жетісу облысының Жұмыртұяғы өзінің жүйріктігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Толқын Қалдыбайқызы, Кеген ауылының тұрғыны:

- Өзіміздің тауымыз, жайлауымыз бар, ол Жалаулы ауылында. Сол жерде 12 бие байлап, сауып отырмыз. Сол бүгін қымызмұрындық болып жатқаннан кейін тойға арнайы келіп отырмыз. Өзім 150 литр қымыз арнайы дайындап келдім. Газдалған сусындар ішкенше қымызды ішкен дұрыс. Қымыз – өзіміздің ұлттық тағам. Оның құнары көп. Оның ішінде көптеген дәрумен бар.

Шараға өңірдегі шаруашылықтар түгелдей атсалысты. Олар жастарға бие сауып, қымызды қалай баптау керектігін түсіндірді. Қарқара жайлауына жиналған қауым ұлттық тағамнан дәм татып, әсем табиғаттың сұлулығынан ләззат алып, ерекше әсерге бөленіп қайтты.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсембаев, Аманжол Жөңкешов