Анталияда домбыраға ескерткіш қойылды. LIVE
Түркияда халқымыздың бас музыкалық аспабы домбыраға ескерткіш ашылды.
Меруерт Қанағат, меншікті тілші:
- Қазақтың киелі аспабына арналған екскерткіш Ақтеңіз жағалауындағы Анталияда бой көтерді. Биіктігі 3 метрден асатын монумент қаланың Кепес ауданында ашылған жыр алыбы Жамбыл Жабаев атындағы саябақтың қақ ортасында орналасқан. Анталиядағы Бас консулдығының бастамасымен қолға алынған ескерткіш қоладан құйылып жасалған. Қос ішекті аспабымыздың биіктігі 3,2, ал тұғыры 1 метр болады. Ол ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған. Жаңа ескерткіштің бой көтеруіне осында өмір сүретін отандастарымызбен бірге жергілікті тұрғындар да риза.
Жанайым Қуандық, студент:
- Бәріміз үшін қуанышты күн. Домбыра аспап қана емес, қазақтық жаны, философиясы деуге болады. Енді «домбыра патилерді» осында өткіземіз. Отандастарымызбен бас қосатын жерімізге айналатыны шүбәсіз.
Ескерткіштің салтанатты ашылу рәсіміне жергілікті әкімшілік өкілдері мен шетел дипломаттарынан бөлек, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, қала тұрғындары қатысты. Жиналған жұртқа ән-күйден шашу шашылып, сахналық қойылымдар ұйымдастырылды.
Жалпы Түркияда қазақтың қос ішекті домбырасына соңғы жылдары қызығушылық едәуір артты десек кем айтпаймыз. Домбыраның қоңыр үні елдегі көгілдір экраннан бөлек, саяси шаралардан бастап, спорттық сайыстарға дейінгі додаларда жиі естіуге болады. Тіпті түрік жастары арасында қазақтың ұлттық аспабын бір кісідей тартатындар көбейген.