Түркияда домбыраға ескерткіш қойылды

Түркияда қазақ халқының бас музыкалық аспабы – домбыраға ескерткіш қойылды.

Монумент Анталия қаласының Кепез ауданында жыр алыбы Жамбыл атындағы саябақтың қақ ортасына қойылды.

Қазақтың киелі аспабына арналған ескерткіш Ақтеңіз жағалауындағы Анталияда бой көтерді. Монумент қаланың Кепез ауданындағы жыр алыбы Жамбыл Жабаев атындағы саябақтың қақ ортасына қойылды. Анталиядағы еліміздің Бас консулдығының бастамасымен қолға алынған ескерткіш қоладан жасалған. Қос ішекті аспабымыздың биіктігі 3 метр 20 сантиметр, ал тұғыры 1 метр болады. Ол ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған. Жаңа ескерткіштің бой көтеруіне осындағы отандастарымыз, жергілікті тұрғындар риза.

Жанайым Қуандық, студент:

- Бәріміз үшін қуанышты күн. Домбыра аспап қана емес, қазақтық жаны, философиясы деуге болады. Енді домбыра патилерді осында өткіземіз. Отандастарымызбен бас қосатын жерімізге айналатыны шүбәсіз.

Ибрахим Уйсал, жергілікті тұрғын:

- Тамырлас жұрттың ұлттық аспабының осында бой көтеруі бізді қуантты. Домбыра қазақтың ең көне музыкалық аспабы. Домбыра әуені адамдарды рухтандырып, халықтың басын біріктіретін бір сиқырлы күш сияқты көрінеді. 

Ескерткіштің салтанатты ашылу рәсіміне жергілікті әкімшілік өкілдері мен шетел дипломаттарынан бөлек қоғам қайраткерлері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысып, тамашалады. Жиналған жұртқа ән-күйден шашу шашылып, сахналық қойылымдар ұйымдастырылды.

Хулуси Шахин, Анталия губернаторы:

- Домбыра – тек қазақтың ғана емес, күллі түркінің музыкалық аспабы десек болады. Анадолыдағы бағлама мен жура секілді аспаптардың атасы домбыра деп білемін. Оның әуені бізге таңсық емес. Ата-бабаларымыздың көне тарихының дауысы іспетті. Осы киелі аспаптың қазақтардың жиі саяхаттайтын Анталияда орнатылуы ерекше қуантады.

Месут Кожагөз, Кепез ауданының мэрі:

- Қазақстан бізге ең жақын, бауырлас ел. Сондықтан ауданымыздағы саябақта домбыра ескерткішін қою жөніндегі ұсынысқа қуана келістік. Осы қос ішекті аспап қазақ халқының тарихымен тығыз байланысты болғандықтан бүгінгі іс-шараның маңызы ерекше зор деп білемін.   

Қуат Канафеев, Анталиядағы ҚР Бас консулы:

- «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дегендей, қазақпен біртұтас жалғасқан аспабымыз. Сол идеядан алып, бірге үйлестірдік. Ерекшелігі – қазақтың ұлттық аспабына арналған монумент шетелде тұңғыш осы Анталияда бой көтерді. Біз үшін үлкен мәртебе.

Түркияда қазақтың қос ішекті домбырасына соңғы жылдары қызығушылық едәуір артты десек кем айтпаймыз. Домбыраның қоңыр үні елдегі көгілдір экраннан бөлек, саяси шаралардан бастап, спорттық сайыстарға дейінгі додаларда жиі естіуге болады. Тіпті түрік жастары арасында қазақтың ұлттық аспабын бір кісідей шертетіндер көбейген.

Меруерт Қанағат 24.КZ, Түркия