Алматылық Әсел Сабыржанқызы кілем бетіне сурет салады
Алматылық суретші Әсел Сабыржанқызы ерекше картиналар жасайды, деп хабарлайды 24KZ.
Ол үйреншікті кенептің орнына кілемді пайдаланады. Жас суретші бір жылдан бері осы әдіспен сурет салып келеді. Қазір оның жұмыстары әлеуметтік желіні жаулап, шығармашылық ортада танылып үлгерді.
Бұл – қазақ даласының жауынгер қызы «Гауһар батыр». Аңыз бойынша ол бала кезінен өзінің мергендігі мен өткір ақыл-ойымен көзге түскен. Суретші Әсел Сабыржанқызын бұл картинаны жасауына шабыттандырған да осы образ екен. Сурет дәстүрлі кескіндеме мен граффити арқылы кілемге салынған. Жұмысты жасауға бір ай уақыт кетіпті.
Әсел Сабыржанқызы, суретші:
- Мен, мысалы, жауынгерлердің, билеушілердің, әйелдердің бейнесін салуға тырысамын. Әйелдердің ерлермен тең соғысып, билік жүргізгенін көрсеткім келді. Алдымен эскизден бастадым, содан кейін кілемді таңдауға көп уақыт жұмсадым. Айтпақшы, кілем табу оңай емес. Өйткені ол үлгілерге сәйкес тамаша үйлесуі керек. Сонда ғана портрет әдемі көрінеді.
«Кілемде жұмыс істеу қиын емес», – дейді суретші. Дегенмен бұл материалды қолданғанда қателікке жол беруге болмайды. Кілемді таңдағанда Әсел оның тығыздығы мен пішініне мән береді. «Картинадағы композициялық шешім мен үшін өте маңызды», – дейді ол.
Әсел Сабыржанқызы, суретші:
- Мен кілемнің бетінде мәңгі қалатын өткір бояуларды қолданамын. Сондықтан қателік жасауға болмайды. Әрбір жағылған бояу қажетті жерге түсуі керек. Бұл ретте кәсіби суретшілігім көмекке келеді. Әрине, қате сызық түссе, оны қандай да бір элементке айналдыруға тырысамын.
«Көкбөрі», «Жер ана», «Айтолқын-батыр». Осы тақырыптық жинақтан бар болғаны 5 картина қалған. Суретшінің жұмыстары бүгінде жеке коллекциялардың қатарын толықтырып жатыр. Әселдің шығармашылығына жолдасы жан-жақты қолдау көрсетіп, ұйымдастыру жұмыстарына көмектеседі.
Нұрдәулет Бекжан, жұбайы:
- Әселдің шығармашылық мүмкіндігі зор. Бұл талантты әлемге көрсету керек деп ойлаймын. Яғни, оның қалай сурет салатынын, еңбегін паш ету керек. Оның жұмыстары ешкімді бейжай қалдырмасы анық. Біз бірге блог жүргіземіз, мәтіндер құрастырамыз. Барынша қолдау көрсетуге тырысамын, бірге көрмелерге барамыз.
Суретші жаңашылдықтан қорықпайды. Көптеген қызықты әдістерді қолдана отырып, кескіндемелерді әртүрлі нысанға салу – сүйікті жұмысы. Әселдің туындылары тұрмыстық бұйымдардың, киімдердің, музыкалық аспаптардың сәнін келтіріп жатыр. Әсел енді, қазақ хандарының картиналарының топтамасын салуды жоспарлап отыр.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жумабаев.