Павлодарлық археологтар қола дәуірінің құнды жәдігерін тапты
Павлодардың археологтары қоладан жасалған найзаның ұшын тапты, деп хабарлайды 24KZ.
Құнды жәдігер біздің эрамызға дейінгі XIII-VIII ғасырлардың ортасындағы Сарғары-Алексеев мәдениетіне жатады. Май ауданы Ақшиман ауылының маңындағы Көктас-2 археологиялық кешенінде зерттеу жұмыстары екінші жыл қатарынан жүргізіліп жатыр. Әлкей Марғұлан университетінің ғалымдары мен студенттері 3,5 мың жылдық тарихы бар бірегей ғимараттар, мыс өндірілген шахталарды тапқан. Бұл аймақта 20-дан астам қорған бар. Олардың кейбіреуі сақ кезеңіне жатады. Жерлеу орындарын зерттеу барысында адам мен жануарлардың сүйектері, зергерлік бұйымдар, қыштан жасалған құмыралардың сынықтары және қоладан жасалған жебенің ұшы табылды.
Асқар Әбілин, Ә. Марғұлан атындағы ПМПУ Археологиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері:
- XIII-VIII ғасырдың уақытына сай келетін найза ұшы табылды. Ол – осы уақыттың, біздің экспедицияның және практика уақытындағы үлкен бір жетістігіміз. Найза ұшы ол осы Көктас-2 тұрғын үйінің үшінші жер тамының батыс іргесінің маңайынан табылды және де мына жерде найза ұшы ғана емес, сонымен қатар сол уақытқа жататын қыш ыдыстардың сынықтары, жылқы жануарларының, мына ұсақ малдардың қалдықтары табылды.