Бүгін – ақын Табылды Досымовтың туған күні
Қазақ әдебиетіне олжа салған талантты ақын-жазушылардың ғұмыры неге қысқа болады?
Мұның себебін ешкім дөп басып айта алмайтын да шығар. Мәселен, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Төлеген Айбергенов, Сағат Әбуғалиев сынды ақындар отыздан асып барып жанары жұмылса, Жұматай Жақыпбаев, Мұқағали Мақатаев, Табылды Досымовтар 45 жасында бақилық болды.
Иә! «Тірлікті мынау, жаным-ай, мәңгілік деме, ұйықтап кетсем бір күні, оянбай қалам» деп жырлаған Табылды Досымовтың бүгін туған күні!
Асантемір Қаршығаұлы, тілші:
- Бұл – Табылды Досымовтың сөзі мен сазына жазылған «Биіктік» әні. Қыр баласының аспанға қол созатындығын әнге арқау еткен. Бұдан бөлек, «Қазақ едім дегенше», «Асанқайғыны аңсау», «Гурьев ақсақалға ашық хат» сынды бардтық әндері ел құлағында қалды. Өкініштісі, ол 45 жасында өмірден өтті.
Әбубәкір Смайылов, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты:
- 45 жас деген ол әркімге әрқалай ғой. Қазақтың ақын-жазушыларының мықтыларының өзі бір аса алмаған белес. «Абылай аса алмаған асу» дегені сияқты әйтеуір осы межеге келгенде таланттардан көз жазып қалып жатамыз. Екінші бір нәрсе бар. Сөзге абай болу керек. Талай жігіттерге айтып жүрмін. Тәкеңнің бір өлеңі бар ғой «Ұйықтап кетсем бір күні, оянбай қалам» деген. Негізі солай болды.
Ұйықтап кетіп оянбай қалған Табылды Досымов өлеңімен өз тағдырын болжағанға ұқсайды.
Алайда тірлігінде сал-серіше күн кешіп, достарынан қолдау тапқанын ақынның ұлы Абыл айтып берді. Ол бүгінде әкесінің әндерін насихаттап жүр.
Абыл Досымов, Т.Досымовтың ұлы:
- Табылды Досымов атындағы қоғамдық қор құрылды. Одан кейін шығармашылық кештері, әндері, кітаптары, альбомдары жарық көрді. Бүгінгі күндері көршілес Ресей, Қытай, Моңғолия мемлекеттерінде әкеміздің бард жанрындағы әндерін насихаттауға жұмыстанып жүрміз. Және де бір өкініштісі, әкеміздің 45 жасында өмірден өтіп кеткендігі...
Әбубәкір Смайылов, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты:
- Оның азаматтық поэзиясы биік. Желтоқсан жайлы өлең жазды, оған сосын ән жазды. Сосын анау Гурьев шалың бар, сол кезде күйіп тұрған тақырыптар ғой. Оның Аманғали туралы өлеңінің өзі неге тұрады. Негізі Тәкеңнің қанында бунтарлық бар.
Жыраулық поэзияны жанына серік еткен ақынның шәкірттері жоқ емес. Досымовтың әндерін нақышына келтіріп шырқап жүргендер көп.
Асхат Әмірғалиев, Т.Досымовтың шәкірті:
- Табылды Досымов ағамыз өлмес өнердің иесі. Қазақтан шыққан тұңғыш бард ақын. Ол кісінің әндері көп қой. Бардтығы да бар, лирикасы да бар. Бардтық біздің жыраулық өнерімізге жақындау келген. Өзі негізі Еуропадан тараған дейді ғой бардтықты. Бардтық өнердің құдіреті өзі, өлеңі, сазы және орындаушылығы болып есептеледі. Мұнда сөзі бірінші орында тұрады, ал әні екінші орында тұрады.
«Атыңды сенің айтамын ән қылып неге, қозым-ау деші күлімдеп Баяндай маған. Тірлікті мынау жаным-ай мәңгілік деме, ұйықтап кетсем бір күні, оянбай қалам», деген Табылды Досымов 2010 жылдың қазан айында мәңгілікке сапар шекті. Артында алпыстан аса ән қалған талантты ұл келесі жылы алпысқа толады.
Авторлары: Асантемір Қаршығаұлы, Қали Несіпбаев