Мәскеуде қазақстандық дизайнерлердің топтамасы көрсетілді

Түрлі түсті жібек мата, асыл тастар мен алтын әшекейлер.

Мәскеудегі Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінде «Қазақстан» павильоны ашылды.

Осы павильонда «Өрнектер» атты мәдениет, сән және ұлттық қонақжайлылыққа арналған халықаралық фестиваль өтті. Оған Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Ресей дизайнерлері қатысты. Тақырып  — дәстүрлі шығыс өрнектері.

Мәскеудегі сән фестивалі аясында қазақстандық дизайнерлер халқымыздың ұлттық киімдерін көрсеттті. Көрермендердің назарына түрлі ою-өрнектермен әшекейленген ұлттық нақыштағы заманауи киім үлгілері ұсынылды. Бұл әсем топтаманы Ресей астанасына Қазақстан сән апталығының идеялық жетекшісі және бас продюсері Саят Досыбаев дайындап әкелген. Қазақстандық шеберлердің туындылары Мәскеу жұртшылығы мен қонақтарын бірден баурап алды.

Олардың ішінде Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Ханым Айдаштың Ежелде Жібек жолымен жүрген керуендермен шабыттанып әзірлеген жұмыстары бар. 

Ханым Айдаш, дизайнер:

- Бұл «Құмдағы іздер» топтамасы Азия мен Еуропа арасындағы сән катализатор болған жол туралы. Бұл жолдың маңыздылығы — әлемді әдемі, сәнді киінуге үйреткені. Өйткені керуен тауар желісін таратушы және сәнді бірінші таратушы болып есептелді. 

Қазақстандық дизайнерлердің заманауи стиль мен ұлттық нақышты үйлестіре отырып тіккен киім-кешектерін көрерменер мен мамандар жоғары бағалады. Сарапшылардың айтуынша қазіргі кезде осындай үлгідегі киімдерге сұраныс артқан.  

Эльза Калиева, дизайнер:

- Өзімнінің авторлық принтпен шығарған маталар үстіне оюлар басып шығарамын. Және қазіргі заманауи стильде ұлттық нақыштағы киімдерді ұсынып келеміз. Біздерден әлеуметтік желілермен сатып ала алады. Тек қана Ресей емес, басқа да елдерен, ТМД елдері, алыс та, жақын да елдерден алып жатады тапсырыспен.

Шеберлеріміздің өзіндік қолтаңбасы бар ұлттық нақыштағы сән киімдері мәскеуліктер үшін қолжетімді. Оларды жергілікті тұрғындар шаһардағы Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіндегі «Қазақстан» павильонынан сатып ала алады.

Дана Нұржан, Шахзод Гамиров