Кореяда қазақстандық суретшінің туындылары көрсетілді
Оңтүстік Кореяда астаналық суретші, графикалық дизайнер Бақыт Шөкетаевтың картиналарының көшірмелері көрсетілді.
Шебердің туындылары Хангук шет тілдер университеті ұйымдастырған көрмеге қойылды. Оларды осы жоғарғы оқу орнының профессоры Чу Ён Мин Сеулге алып келген. Көрменің мақсаты – жергілікті халықты Еуразия елдерінің мәдениетімен таныстыру. Іс-шара шаһардың танымал тарихи орталығында ХанОк деп аталатын дәстүрлі корей үйінде өтіп жатыр. Бұл Оңтүстік Корея астанасында Еуразия елдері суретшілерінің жұмыстарының алғашқы көрмесі. Ұйымдастырушылар іс-шараны жыл сайын өткізуге ниетті.
Чон Бо Ын, Хангук шет тілдер университетінің профессоры:
- Бұл көрме арқылы біз Еуразия мен Оңтүстік Корея өнерінің тығыз байланысын көрсетіп, мәдени алмасуды жандандыруды қалаймыз. Корей кескіндемесіндегі негізгі бояулар қазақстандық суретшінің туындыларында да бар.
О Мин Джи, Сеул қаласының тұрғыны:
- Мен Астанада бір рет болдым. Бүгін қазақ суретшісінің картиналарымен танысып, содан кейін Қазақстанға барып, суреттегі әсем жерлерді өз көзіммен көрмекпін. Бүркіттің суреті Қазақстан туындағы бейнені есіме түсірді. Қазақтың ою-өрнектері де өте әдемі.