Теміртауда ерекше көрме ашылды

Металлургтер күні қарсаңында Теміртаудағы тарихи-өлкетану музейінде «Қала ішіндегі қала» атты ерекше көрме ұйымдастырылды. 

Мұнда Қазақстан магниткасының шежіресі, комбинат құрылымы, ондағы өндіріс цехтары туралы мол мағлұмат алуға болады. Барлық құнды құжат, жәдігерлер мен суреттер экспозиция мазмұнын аша түсу үшін ерекше стильде қойылған.

Металлургиялық комбинат өндірісі 7 үлкен цехтан тұрады. Мына түрлі-түсті сызықтар солардың әрбірін мына картадан айшықтап тұр. Одан әрі түсті жолақ қабырғаға және арнайы металл бағандарға ілінген цехтарға қатысты құнды құжаттар мен суреттерге бастап апарады. «Осылайша келген қонақтар аумағы 700 гектарды алып жатқан алып зауытты ойша елестетіп, оның «қала ішіндегі қала» екенін түсінеді», -дейді музей суретшісі Хайниса Мұстафина.

Хайниса Мұстафина, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі:

- Келушілерге қызықты болу үшін көрмеге металл бағандарды қойдық. Зауыттың қаңқасы осында алып металл құрылымдардан тұрады. Біраз суреттерді соған ілдік. Одан бөлек қабырғадағы суреттерді 3Д әсерін беру үшін шамалы алшақ етіп ілдік. Мұның барлығы ерекше үйлесімділік береді.

Көрмені дайындау үшін музейдің ғылыми қызметкерлері 1 жыл бойы ізденген. Олар зауыт басына барып, металлургтермен, қаланың байырғы тұрғындарымен кездескен. Мұнда әр цехтың тарихына қатысты құнды деректерді, жәдігерлерді көруге болады. Мысалы Теміртау еліміздегі қара метллургияның отаны саналады. Музей қызметкерлерінің айтуынша, оның нақты дәлелі мына көнекөз жәдігерлер.

Лаура Қаленова, Теміртау қалалық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері:

- Ең басты жәдігеріміздің бірі ол алғашқы қазақстандық шойын. Ол шойын 1960 жылы 3-і шілде күні №1 домна пешінде өндірілген болатын. Сол күннен бастап Қазақстан магниткасының туған күні болып есептеледі. Келесі экспонат бұл кілт. Ол 4-і домна пешінің кілті деуге болады.

Сырттай қараған жұрт металлургиялық комбинаттың түтіні будақтаған мұржасын ғана көреді. Ал көрме мазмұнын ұғынған соң зауыттың алып екенін және онда домна пештері, болат құю, коксохимия сынды көптеген өндіріс нысандары жұмыс істейтінін біліп шығады. Тіпті ұзақ жыл Теміртауда тұрып бұл туралы енді біліп жатқандар да бар.

Айнагүл Қадырқанова, Теміртау қаласының тұрғыны:

- Мен осы қаланың тұрғыны болғаныммен зауытта жұмыс істеген жоқпын. Маған осы экспозиция қызықты және танымды болды. Мен білген жоқпын зауыт осындай үлкен екенін, өзі бір қалашық саналатынын.

Осы аптаның жексенбісі металлургтер күні. Мәртебелі мамандық иелерінің кәсіби мерекесі қарсаңында музей ұжымы құрышты қала тұрғындарына осындай тамаша тарту жасап отыр.

Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар