Асан қайғы кесенесі қайта жаңғыртылады
Қызылорда облысында Жерұйық іздеп, желмаясымен жер-жаһанды кезген ойшыл Асан қайғының кесенесі қайта жаңғыртылып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
XV ғасырда салынған мазардың мүжілген кесектері қайта қаланып, ауа алмасу жүйесі орнатылады. Тарихи-мәдени мұра санатына кіретін нысандарды қалыпқа келтіру жөнінде Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасы аясында Оқшы ата мен Есабыз әулиенің де кесенесі жөнделеді. Мемлекет қорғауындағы киелі орындарды жөндеу жобасына республикалық бюджеттен қаржы берілді. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы шеңберінде қорымның айналасы тазаланып, су көздері аршылып жатыр.
Нұржан Ахатов, Шиелі ауданының әкімі:
- Бұл – мемлекет басшысының тапсырмасы. Жыл көлемінде біз осы жұмыстарды атқаратын боламыз. Оған, міне, елдің, халықтың көзқарасын, қолдауын сезініп жатырмыз. Одан бөлек, аудандық бюджеттен Ғайып ата, Қыш ата ғимараттарын жөндеуден өткізу үшін қаражат бөлдік. Қараусыз қалған гүлзар, аллеяларға байланысты да жыл басында қаржы бөлу кезінде ескердік. Бұлардың барлығына қаражат жоспарлап қойдық.