Алматыда «Дос пен дұшпан» сериалының түсірілімі басталды
«Хабар» агенттігінің тапсырысымен «Дос пен дұшпан» сериалының түсірілімі басталды деп хабарлайды 24kz.
Онда мектепте бірге оқыған төрт достың бастан кешкені мен өмірге деген көзқарастары көрсетіледі. Сериалда достық пен қастық, адалдық пен арамдық, ізгілік пен адамгершілік сынды ұғымдар қамтылады. Сериалдың алғашқы түсіріміне біздің тілшілер де қатысты.
1980 жж соңы. Алматы. Бірінші сыныптан дос болған Серік, Берік, Қайрат және Олег мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам баспақ. Бозбалалар аулада Pink Floyd, Depeche Mode сияқты топтардың шығармаларын тыңдап, Талғат Сарыбаев пен Виктор Цой секілді әншілердің әуезді әндерін шырқап өсті. Олар әлеуметтік жағдайларының айырмашылығына қарамастан, қуанышта да, қайғыда да бір-бірінің қасынан табыла білді.
Мұрат Бидосов, режиссер:
- Әрине, бұл жерде достық та, дұшпандық та бар. Бұл жерде өзге ұлтқа деген сыйластық, табиғатты қорғау деген сияқты сұрақтарға жауап беруге тырысып жатырмыз. Болған оқиғалардың желісімен суреттеуге тырыстық. Енді бұл тек қана сол кездегі бозбалалардың өмірі ғана емес. Сол кездегі тарихи кезең.
Сценарий авторы бұған дейін «Тар заман», «Кейкі мерген», «Абай» киносценарийлерін жазған белгілі драматург Сержан Зәкірұлы. Сериалдағы басты рөлдерді Данияр Жетпісов, Шыңғыс Рәш, пен Бекзат Еркінов сынды жас актерлер ойнайды.
Данияр Жетпісов, актер:
- Негізі өте қызық роль. Өте қызық. Шытырман, былайша айтқанда, Қайраттың өмірі оқыс оқиғаларға толы. Шыны керек. Күтпеген жерден неше түрлі оқиғалар болады. Бірақ бәрін өзіне өзі жасап алады.
Берік лауазымды қызмет атқарады. Серік болса, орман шаруашылығында жұмыс істеп, табиғатқа қамқорлық жасай білді. Ал, Қайрат болса, кәсіпкер болып, тендермен айналысады. Шетелге кеткен Олег елге оралады. Тағдыр жолы төртке бөлінген төрт дос араға 30 жыл салып, қайта қауышады. Сериалдың түсірілімі биыл аяқтау жоспарланған.
Авторлары: А.Садуақас. Ә.Нарымбаев