Кемеңгер тұлғалардың аналары

Елге еңбегі сіңген ерен тұлғалардың аналарына арналған туындылар жарыққа шыға бастады.

Суретшілердің төл шығармалары Алматыдағы «Анаға құрмет» музейіне қойылған. Мұражай қабырғасына суретші Жанұзақ Мүсәпірдің де картинасы ілінді.

«Кемеңгер тұлғалардың ұлы аналары» деп аталатын көрмеге алғаш болып қойылған туынды театр және кино актері, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовтың анасы Тәжіхан Сенбіқызына арналды. Оны салған суретші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Жанұзақ Мүсәпір.  

Асанәлі Әшімов, театр және кино актері, Қазақстанның Еңбек Ері:

- Суретшілер қауымы жалғыз өзі отырып үндемей, образ жасайды ғой. Біз актерлар кинода образ жасаймыз, сахнада. Ал суретшілер әр қимылынан портрет салады. Сондықтан суретшілердің еңбегі зор. Бағалаймын. 

Қылқалам шеберінің бұдан да басқа топтамалық суреттері бар. Әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу-Насыр әл-Фараби туралы сурет жинағын жеті жыл жазған. «Полиптих» деп аталатын суреттердің әр қайсысының биіктігі 1.8, ұзындығы 11,5 метр. Картина кенепке майлы бояумен әр түрлі техникаларды қолдану арқылы салынған. 

Жанұзақ Мүсәпір, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, суретші:

- Енді бұл картинаның өзінің өмір жолының өзі Әл-Фарабидің балалықтан даналыққа жолы екенін айтып тұр. Әл-Фарабидің туған Отырар өңірінен 80 жасқа келіп өмірден озғанда Дамаск қаласында бұл кісі жерленген. Сол кезге дейінгі өмірін барлық қалалар арқылы шешіп 5 бөлімнен құрап, осы картинаны жазып шықтым.

Жанұзақ Мүсәпірдің туындылары АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Польша, Германия, Ресей, Түркия, Венеция елдеріндегі жеке коллекционерлердің қорларына, қырықтан аса Халықаралық көрмелерге қойылған. Қылқалам шебері әр шығармамды көрмеге өткізген сайын қимастық сезімі болады дейді.

Жанұзақ Мүсәпір, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, суретші:

- Картинаны жазып біткеннен кейін ол басқа жаққа ауысып, басқа бір музейге барып өмір сүреді. Ол сол адамдарға беріледі. Содан кейін олардың жекеменшігі болып кетеді де, сондықтан суретші ол енді картинаны бергеннен кейін былайша айтқанда өзінің баласын біреуге берген сияқты ғой енді.

Суретші Дина Нұрпейісова, Құрманғазы, Арыстан баб кесенесінен бастап саясаткер Дінмұхамет Қонаев, жазушы Әбіш Кекілбаев, ақын Мұқағали Мақатаевтың портреттерін, өзі көзімен көрген қалалардың көркем тұстарын майлы бояумен бейнелеп, көрерменге жеткізге білген. Мақсаты – сурет өнерінің қасиеті мен құдіретті қылқаламның шеберлігін көпке көрсету.

Зарина Кәп, Наурызбай Құрманғазы