Алматыда «Үміт шуағы» көрмесі өтіп жатыр
Алматыда жас суретші Гүлнұр Мұқажанованың жеке көрмесі өтіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Қолөнер шеберінің өзі Берлинде тұрады. «Бірақ бұл менің қолдан басылған киізбен жұмыс істеуіме кедергі емес», - дейді ол. «Үміт шуағы» деп аталатын көрмеге 20-ға жуық жұмысы қойылды. Келушілер, әсіресе, киізден жасалған туындысына қызығушылық танытып жатыр.
Гүлнұр Мұқажанованың бұл туындысының ұзындығы 16 метрден асады. «Үміт шуағы» деп аталады. Онда еліміздің өткені, бүгіні және болашағы әртүрлі түстер арқылы өріледі. Алдымен суреті салынып, одан кейін үстіне киіз түскен.Тақырыпты тағы 16 картина жалғайды. Осылай инсталляцияның ұзындығы 41 метрге жеткен.
Гүлнұр Мұқажанова, суретші:
- Менің шығармашылығым еліме арналған. Ата-бабаларымыздан жеткен бай мұраны әлемге танытқым келеді. Түсіне білген адамға әрқайсысында мағына жатыр. Әрбірі мәдениетімізбен салт-дәстүрімізден хабар береді. Шет жерде болсын, осында болсын, қызығушылық танытып, сұрап жатады.
Жас суретші бұған дейін Гонконг, Берлин, Лондон, Венеция сияқты бірнеше қалада өткен үлкен көрмелерге қатысқан. Әріптестерінің айтуынша, түрлі-түсті жүн мен матаны, теріні қолдана отырып жасалған күрделі композициялардың бояуы еркше. Бір түстен келесі түске өтуде өзіндік қолтаңба қалыптастырған.
Асхат Ахмедияров, суретші:
- Әр заманның түсі бар. Сол түстерді жақсы көрсеткен. Ең бірінші көзге түсетіні – көлемі. Бір шығарма бір экспозицияны алып тұрған Алматыға, Алматының көрермендеріне жаңалық болып көрінеді.
Дмитрий Билык, қала тұрғыны:
- Мен галереяда 5 минут қана болдым. Бірақ суретшінің ешкімге ұқсамайтын өзгеше көзқарасын сезініп үлгердім. Мұнда қалыпты кескіндеме, қалыпты бейнелеу өнерін кездестірмейсіз. Киізді заманауи өнерге керемет үйлестіре білген. Өзінің халқына деген сүйіспеншілік әр жұмысынан көрініп тұр.
Гүлнұрдың өзі: «мақсатым – осындай шығармалар арқылы Ұлы дала елі мен көшпенділердің философиясын көпшілікке жеткізу», дейді. Көрме қыркүйек айының соңына дейін жалғасады.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов