Сеулде қазақ ұлттық киімі көрсетілді
Сеул тұрғындарына қазақтың ұлттық киімдері таныстырылды, деп хабарлайды 24KZ.
Оны оңтүстіккореялық модельдер киіп көрді. Шоу Корей астанасының орталығында өткен.
Қазақстан мен Оңтүстік Корея модельдері бір-бірімен киім ауыстырды. Салтанат Жақсылыққа корей ұлттық киімі ханбокты жиі киюге тура келеді. Сеулдегі университетті бітірген ол қазір корей киноларында ойнайды, бірақ әзірге эпизодтық рөлдерді сомдап жүр. Ал студент Но Ын Хе алғаш рет қазақтың ұлттық киімдерін киіп көрді.
Но Ын Хе, модель:
- Қазақтың ұлттық киімі өте тартымды. Ханбокте юбка мен күрте бөлек киіледі, ал қазақ костюмі тұтас киіледі. Қазақстанның Орталық Азияда орналасқанын білемін. Жазда Кореядағыдай ыстық, ал қыста мұндағыдан суық.
Салтанат Жақсылық, модель:
- Бұл – Чубан деген кухняда жұмыс жасайтын аспаздардың киімдері. Визажист оқуын бітіргенмін, Джон Се Муль академиясын. Ол кісі деген – Азияда нөмірі бірінші визажист. Негізінде Қазақстанда үлкен Джон Се Муль деген кісіге ұқсап, бьюти саласында үлкен академия ашқым. Өйткені бізде Қазақстанда көбірек қатты боянады ғой. Соған сәл драмадағыдай сондай ашқым келген, бірақ енді бұйыртқаны.
Іс-шараның өтуіне бастамашы болған – фотограф Чо Чон Гук. Ол Алматыда 5 жыл тұрып, жұмыс істеген. Сеулге оралғаннан кейін Қазақстанда түсірген суреттерін корей журналдарында жариялай бастайды. Қазіргі таңда Чо Чон Гуктың туындылары жергілікті жұртқа біршама танымал. Енді ол Қазақстанға келуге қызығушылық танытқан корейлер үшін арнайы сапарлар ұйымдастырып жүр.
Чо Чон Гук, фотограф:
- Бүгін мен Сеул тұрғындарын қазақша киімдермен таныстырғым келді. Модельдерге фотосессия жасады. Бұл суреттерді әлеуметтік желілерге жариялаймыз.
Ким Мен Джу, Сеул тұрғыны:
- Қазақ киімдері өте әдемі. Корей ұлттық киімін киген корейлер ме, шетелдіктер ме – түсіне алмадым. Седжон патша ескерткішінің жанында жақсы көрініс болды. Мен модельдермен суретке түстім.
Чо Чон Гук Сеулде қазақстандық модельдердің қатысуымен қазақтың ұлттық киімдерінің ауқымды шоуын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Корейлік фотограф бұл шараның сәтті өтеріне еш күмәнданбайды. Өйткені оның айтуынша, Орталық Азияға барған көптеген жергілікті тұрғындар Қазақстанды «сұлулар елі» деп атайды.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян.