Қазақстандық жас скрипкашы Австриядан жеңіспен оралды

Қазақ баласы Австрия жұртын өнерімен тәнті етті, деп хабарлайды 24kz.

Жас өнерпаз Сағадат Омарғазин Санкт-Пельтен қаласында өткен XIX Халықаралық скрипкашылар байқауынан жеңіспен оралды. Оған өзінің ұстаздарымен қатар Мәдениет және ақпарат министрлігі қолдау көрсетті. Сағадат бәсекеге қатысып қана қоймай, әлемдік өнер майталмандарынан, дәріс те алып қайтты.

Сағадат Омарғазин – Алматыдағы Ахмет Жұбанов атындағы республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының оқушысы. Кішкентайынан скрипкаға әуес. Сондықтан болар, бұл аспапқа деген ынтасы ерекше. Австрияда өткен музыкалық беделді бәйгеде Қазақстанның атын әлемге әйгіледі. Қазақ баласының Бетховен мен Моцарттың шығармаларын шырайына келтіріп орындағанын көрген шетелдік шеберлер оның өнерін жоғары бағалады. Оның айтуынша, байқауда бәсекелестік көп болған. Ал бәсеке болмай, бәйге жоқ.

Сағадат Омарғазин, халықаралық байқаудың жеңімпазы:

- Мен осы жолда көп еңбектендім. Күніне 3-4 сағаттан дайындалдым. Менің қарсыластарым, Жапония, Корея, Еуропа елдерінен келді. Олардың деңгейлері өте мықты болды.

Музыка бәйгесінде үздік атанған отандасымыз өзінің жастығына қарамастан, әлемдік скрипканың үздік ұстаздарынан білім алып үлгерген. Өнер майталмандары Сағадаттың жеке тәлімгері Виктор Бардашовтың жоғары педагогикалық деңгейін де ерекше атап өткен.

Сағадат Омарғазин, халықаралық байқаудың жеңімпазы:

- Астанада бір байқауда Австриядан келген профессор Гернот Винишхофер мені өз еліне байқауға шақырып, мен сонда барып, бірінші орын алып кеттім. Маған бірінші орын дегенде қуандым. Отанымды ойлап, сүйіспеншілігім оянды.

Жас дарын болашақта әлемдік сахналарда өнер көрсетпек. Отанына деген махаббаты тіптен ерекше. «Скрипка арқылы Қазақстанның атын шығаруға бел байладым», - деді.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Ербол Дайыров