Астаналық биші әжелер Қырғызстанда топ жарды

Алды 76 жасты алқымдаған аналар 40 елден келген өнерпазды шаң қақтырып, халықаралық байқауда бас жүлдені иеленіп қайтты, деп хабарлайды 24kz.

Еркегүл Қайрат, тілші:

- Әже десе көбінің көз алдына аяқ-қолы сырқырап, аяң басқан кейуана елестейді. Алайда бүгінгі кейіпкерлеріміздің жөні басқа. Егде жасқа келсе де, қимыл-қозғалыстары ширақ. Сондықтан болар, мәнерлі биімен көпшілікті таңдай қақтырды.

Ғазиза Оңғарбайқызы, «Қыздар-ай» хореографиялық ансамблінің мүшесі:

- Би маған өте ұнайды. Бала күнгі арманымыз, өзімізде де биден хабарымыз бар, кішкентай немерелерімізге үлгі болайық деп. Бізден кейін келе жатқан жастарға осылай өмір сүруге болады, осылай билеп те, басқа іспен шұғылданып та жұмыс істей беруге болады. Бізде ол жаққа барып, ана-әже екенімізді көрсеттік. Өзіміздің шашуымызды апардық, Қазақстаннан жалынды сәлем деп.

Ыстықкөлде өткен өнер байқауына Қазақстанмен қатар алыс-жақыннан 40-тан астам өнерпаз ұжым келген. Сол жерде біздің әжелеріміз ерекше көзге түсіп, қазылар алқасының ықыласына бөленіпті.

Ирина Смағұлова, «Қыздар-ай» хореографиялық ансамблінің жетекшісі:

- Біздің өнерпаздарымыз би сайысында көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Егде жаста болса да, олардың жеңіске жетуге деген талпынысы мықты болды. «Еңбек бәрін жеңбек» деген осы. Біз байқауға күнде дайындалдық.

Айта кетейік, биші әжелер бұған дейін Түркістан, Алматы, Қарағанды қалаларында өткен байқаулардан жүлдемен оралған. Олардың қоржынында халық билерімен қатар заманауи және классикалық билер де бар.

Авторлары: Еркегүл Қайрат, Серік Қоңырбаев