Өзбекстанда «Taijarys Star» байқауы өтті
Көрші ел астанасы Ташкентте IX халықаралық «Taijarys Star» байқауы өтті, деп хабарлайды 24kz.
Оған Қазақстанның әр өңірінен жиналған жас таланттар мен Өзбекстанның өнерлі балалары қатысты. Шараны ұйымдастырудағы мақсат – балалар шығармашылығын дамыту және қос мемлекеттің мәдени-гуманитарлық ынтымағын арттыру. Сайысқа екі елден 80-ге тарта өрен қатысып, көркем-сөз, вокал, аспапта ойнау, би және қолөнер сынды, бағыттар бойынша сынға түсті. Жеңімпаз бен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар және Дубайда өтетін конкурсқа жолдама тарту етілді. Сапар аясында Қазақстаннан барған балғындар Ташкенттің көрікті жерлерін аралап, терең тарихымен танысып үлгерді. Игі істің басы-қасында, еліміздің «Тайжарыс-талант» қоғамдық қорының өкілдері жүр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шығармашылық сайыс, бауырлас басқа да мемлекеттерде жалғасады.
ТұрсынәлІ Ахметов, Өзбекстан жазушылар одағы Қазақ әдебиеті кеңесінің төрағасы:
- Бүгінгі күнде Өзбекстанда достық апталығы өтіп жатыр. Осы апталық шеңберінде Өзбекстан жазушылар одағында осындай шара өтіп жатыр. Байқау қатысушыларын ынталандыру мақсатында жазушылар одағы көркем әдебиеттер тарту етті.
Мағжан Өмірбеков, байқауға қатысушы:
- Көптеген жеріне тамашалап жатырмыз. Бізге ұнады. Бұл жерде ұйымдастырылғаны бізге көптеген мүмкіндігін берді.