Мәскеуде Астананың мәдениет күндері өтті
Мәскеуде Астананың мәдениет күндері аталып өтті, деп хабарлайды 24KZ.
Іс-шара аясында «Астана – менің махаббатым» атты фотокөрме ашылып, ұлттық фолькорлық мюзикл және гала-концерт ұйымдастырылды.
Астананың Мәскеудегі мәдениет күндері қазақ тілінде сахналанған «Қыз Жібек» этнофольклорлық ұлттық мюзиклімен және «Гауһартас» музыкалық драмасымен ашылды.
Дәурен Абаев, Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі:
- Қазақстан мен Ресей арасындағы көпір ынтымақтастығы бұл екі елдің жақсы іргетасы деп айтуға болады. Екінші жағынан, біз өз мәдениетімізді, өз салт-дәстүрімізді Мәскеу төріне келіп паш еттік. Ол да өте орынды деп ойлаймын. Бұл – біздің өнерімізді, байлығымызды көрсететін іс-шара. Сондықтан біз бұны міндетті түрде жалғастырамыз.
Астананың мәдениет күндері Халықаралық музыка үйінде Қазақстан өнер шеберлерінің гала-концертімен аяқталды. Қазақстанның сахна жұлдыздары репертуарларындағы ең үздік туындыларды паш етті. Олардың қатарында әйгілі опера жұлдыздары Нұржамал Үсенбаева мен Сүндет Байғожин, эстрада жұлдызы Роза Рымбаева, «Turan» этнофольклорлық ансамблі өнер көрсетті.
Ольга Маслова, көрермен:
- Керемет кеш! Қазақтың ұлттық киімі, ән-биіне тәнті болдық. Негізі қазақтың өнері біз үшін бұрыннан қызықты.
Іс-шараның іскерлік бағдарламасы аясында екі астананың шенеуніктері мен кәсіпкерлері ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін белгіледі. Креативті индустрияны дамыту бойынша келіссөз жүргізілді.
Ерлан Каналимов, Астана қаласы мәслихатының төрағасы:
- Бұл саланы дамыту бізге өте маңызды. Өйткені ұлттық құрылтайымыздың отырысында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырма берген еді. Осы саланы дамыту елдің экономикасын дамытуға мультипликативті әсерін береді. Мәскеудің тәжірибесін қолдануымыз керек. Себебі Мәскеу – бұл саланы дамытуда көшбасшылардың бірі.
Келесі жылы Астана мен Мәскеудің бауырластығы туралы келісімге 25 жыл толады. Тараптар алдағы 5 жылға арналған мәдени іс-шаралар жоспарын жасауға уағдаласты.
Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров.