Алматыда көне фотоаппараттар көрмесі бар
Алматы мемлекеттік архивінде көне фотоаппараттар көрмесі жасақталған, деп хабарлайды 24kz.
Алды бір ғасырлық тарихы бар, кейінгісінің өзі қолданыстан шыққанына жиырма жылдан асқан құрылғыларды архив қызметкері, танымал фотограф Әлім Хайдаров жинаған. Талай фотосуреттерді таспалаған сирек құрылғылардың тарихымен біздің түсіру тобымыз да танысып қайтты.
Гүлжан Көленқызы, тілші:
- Бүгінде 80-нің сеңгіріне шыққан фотограф Әлім Хайдаров Алматыда дүниеге келген. «Бұл – менің сүйікті қалам», дейді өзі. Жарты ғасырдан астам уақыт мойнынан фотоаппараты түспеген оның алғашқы фотосуреттері де осы қаланың тыныс-тіршілігімен байланысты. Әсіресе, Алматының сағынышқа айналған келбеті мен бүгінгі дамыған бейнесі көрініс тапқан қоссурет жинағы көз тоқтатып қарауға тұрарлық.
Әлім Хайдаров, фотограф:
- Фотосурет түсірумен 1956 жылдан бастап айналыса бастадым. Анам «Смена» фотоаппаратын сыйға тартып, сол кезден қызығушылығым оянды. Мамандығым – инженер-геолог. Соның арқасында Кеңес Одағының барлық аймағын араладым десем болады. Мұндай сапарларда фотоаппаратсыз жүру – естеліксіз қалу деген сөз. Қоссурет жинағы арқылы Алматының әсем келбетін адамдардың жадында қалдыруды мақсат тұттым.
Әуесқойлығы кәсібилікке ұласқан фотографтың фотосурет қоры да қомақты. «Сирек кадрды таспалау үшін арнайы жер керек емес», - дейді ол. Шығармашылық қырағылық болса жеткілікті. Тағы бір қызығушылығы – фотоаппараттарды жинау. Алматы мемлекеттік архивінде әр заманда қолданыста болған 50-ден аса фотоаппарат қойылған. Олардың қатарында көпке таныс «Зениттен» басқа, «Смена», Жапондық Vitakon сияқты фотоаппараттар бар.
Гүлжан Көленқызы, тілші:
- Көрмедегі ең көне фотоаппарат мына тұрған студиялық құрылғы. Бүгінде ескі кинолардан ғана көруге болатын фотоаппаратың шыққанына жүз жылдан асқан. Құрылғының механизмі қарапайым – жарыққа сезімтал әйнек қойылады. Қолмен реттеледі. Бір қызығы, суретке түсетін адамның объективтен басы төменде, аяғы жоғарыда болып көрінеді.
Көрмеде фотоаппараттардан басқа пленкалар, жарық фильтрлары, тіпті ескі кинокамералар да бар. 1965 жылы шыққан бұл камера телевизия саласында да қолданылған.
Айсұлу Исалова, Алматы қ. Мемлекеттік архиві директорының орынбасары:
- Мұндағы фотоаппараттар мен камералар сирек кездеседі. Сондықтан мемлекеттік мұрағаттың есігі қала тарихын сүйетіндер үшін, ең алдымен, әрине, фото әуесқойлар үшін әрқашан ашық.
Алматы қаласының Мемлекеттік архиві – еліміздегі ең ірі мұрағаттардың бірі. Архив қорында 1 миллион 280 мыңнан астам тарихи құжаттар мен жәдігерлер бар.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сұлтан Бейсекнов