Орталық Азияның ортақ ақпарат алаңын құру ұсынылды

Орталық Азия елдерінің ортақ ақпарат алаңы болуы керек. Бүгін Астанада өткен аймақтың ақпарат министрлерінің консультативті кездесуінде осындай ұсыныс айтылды.

Кеңесте Silk Way жобасы, яғни қазақ, өзбек, қырғыз, орыс ағылшын тілдерінде хабар таратын арна жұмысы таныстырылды. Сонымен қатар ортақ медиаресурстың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану жолдары талқыланды. Телеарнаны 120 елдің тұрғындары тамашалай алады. Осылайша, Орталық Азия елдерінің мәдениетін әлемге танытып, аймаққа деген қызығушылықты арттыру көзделіп отыр.

Қанат Ысқақов, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі:

- Кездесу барысында біз ең алдымен медиа жобаларды талқыладық. Орталық телеарна, орталық сайт. Барлық осы жоба біздің Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында және Президент бастамасының ұйытқысы ретінде біз жұмыс істеп жатырмыз. Өйткені басты мақсат – бір-біріміздің, елдің, біздің мемлекеттердің достығын, жетістігін алмасу және жалған ақпаратқа төтеп беру.

Анахсет Какаев, Түрікменстан мемлекеттік телевизия, радио және кинематография комитеті төрағасының орынбасары:

- Халықаралық жаңалықтар таратудан біздің тәжірибеміз бар. Комитетіміздегі арнайы бөлім ақпаратты түрікмен және орыс тілдерінде ұсынады. Егер осындай Орталық Азияға хабар тарататын арнаға еліміздің жаңалықтарын көрсетіп, мәдениетін таныстыру мүмкіндігі болса, қуана қосыламыз. Сонымен қатар Қазақстанға түрікмен тілінде ақпарат жазатын мамандар керек болса, ұсынуға дайынбыз.