Орталық Азия елдері мен Әзербайжанның президенттері «Достық кеші» гала-концертін тамашалады
Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI Консультативтік кездесуіне қатысу үшін Астанаға арнайы келген Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Әзербайжан президенттерімен бірге мәртебелі меймандардың құрметіне ұйымдастырылған «Достық кеші» гала-концертін тамашалады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Мемлекеттер басшылары «Астана опера» вестибюлінде «Шығармашылық жаңғырығы» көрмесімен танысты. Көрмеге танымал қазақстандық суретшілердің туындылары және Орталық Азия елдері бейнелеу өнері шеберлерінің еңбектері қойылған.
Концерттік бағдарлама аясында қазақ, өзбек, қырғыз, тәжік, әзербайжан халықтарының әндері мен билері орындалды. Сондай-ақ көрермендердің назарына ұлттық музыкалық аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен «Достық» дивертисменті ұсынылды.