Абай облысында 500 мәдени шара ұйымдастырылады

Бүгін – қазақтың біртуар ақыны Абай Құнанбайұлының туған күні.

Биыл ұлы ойшылдың 179 жылдығы аталып өтеді. Үкімет қаулысымен 2020 жылдан бастап 10 тамыз Абай күні болып бекітілді. Атаулы күні Абай облысында түрлі мәдени-рухани іс-шара өтеді. «Абай күні» өңірде барлық сән-салтанатымен тойланады. Облыс орталығында ақын ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылып, оның өмірі мен шығармашылығын насихаттауға бағытталған жиындар мен халықаралық конференциялар ұйымдастырылады. Әдеби-поэтикалық кештердің барлығы «OpenAir» форматында болады. Жастарға арналған түрлі челлендждер мен танымдық жиындар өтеді. Абай облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мәдениет және өнер бөілімінің басшысы Анар Қуанғалиеваның мәліметінше, өңірде 500-ге жуық іс-шара жоспарланып отыр.

Анар Қуанғалиева, Абай облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысы:

- «Желсіз түнде жарық ай» атты поэтикалық кеш ұйымдастырылады. Бұл шарамыз Абай алаңында өткізіледі. Кештің жұлдызды қонағы бар. Абайдың мұрасын дәріптеп жүрген Хейманро деген әнші қызымызды шақырып отырмыз. Екі ғасырға жуық уақыт өтсе де, Абай атамыздың мұрасы оның айтқан қара сөздері әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан емес.