Алматыда «Абай мұрасы – ұлттық құндылық» шарасы өтті
Абай Құнанбайұлының туған күніне орай Алматыда «Абай мұрасы – ұлттық құндылық» атты дәстүрлі мерекелік шара өтті, деп хабарлайды 24KZ.
Ұлттық кітапханаға жиналған абайтанушылар мен әдебиет өкілдері және жастар легі кітапхана қорындағы Абай мұрасымен танысты. Ақынның өмірін, шығармашылығын зерттеген ғалымдардың еңбектері де осында жинақталған. Абайтанушылар баяндама жасап, жас ақындар Абай өлеңдерін оқыды. Ұлттық кітапхана директоры Бақытжамал Оспанова: «Рухани-мәдени шараның мақсаты – жастарды өнерге, әдебиетке баулу», – дейді.
Бақытжамал Оспанова, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры:
- Біз жастардың кітап оқуға бет бұрғанын, Абайды танығанын қалаймыз. Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен қара сөздері бүгінгі күні де өзекті. Ұлттық кітапхананың қорында ақынның барлық шығармалары және ол туралы кітаптарды, зерттеулерді қосқанда 10 мыңнан астам мағлұмат бар. Танып-білсем дейтін оқырманға цифрлық нұсқалары да қолжетімді.
Бауыржан Жақып, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары:
- Кереметттей, өшпестей ғажайып дүниелерді біздің өмірімізге қалдырды. Біз қашанда Абай рухының алдында тағзым етуіміз керек. Ең бастысы – Абайдың айтқандарын орындау. Абай тек қана жақсылыққа үндеген. «Жаманнан жирен, жақсыдан үйрен», – деген. Сондықтан Абайдың айтқан жақсы сөздерінің барлығын санамызда ұстауымыз керек деп ойлаймын.