Семейде «Желсіз түнде жарық ай» поэтикалық кеші өтті
Семейдегі Абай алаңында «Желсіз түнде жарық ай» атты поэтикалық кеш өтіп, екі жарым мыңға жуық адам жиналды, деп хабарлайды 24kz.
Семей жастары Абай өлеңдерін оқып, әндерін шырқады. Қала тұрғындарына ерекше көңіл-күй сыйлаған жандар арасында 10-сынып оқушысы Аружан Болатхан да бар. Ол Абай Құнанбайұлының 178 өлеңін жатқа біледі. Биыл дәстүрлі Абай оқуларында бірінші орынды жеңіп алды.
Аружан Болатхан, қала тұрғыны:
- Өзіңді сенгіштікпен әуре етпе,
Құмарпаз боп мақтанды қуып кетпе.
Жұртпен бірге өзіңді қоса алдасып,
Салпылдап сағым қуған бойыңа еп пе?
Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме,
Қызық келсе, қызықпа, оңғаққа ерме.
Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде,
Сонан тапқан шын асыл, тастай көрме.
Назира Ыдырысова, Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы:
- Сауда орталықтарында бүгін Абай атамыздың әндері қосылды. Қоғамдық орындар мен автобустарда Абай атамыздың нақыл сөздері ілінді. Құрметті жерлестер, баршаңызды Абай күнімен шын жүректен құттықтаймын.