Алматыда танымдық-аспаздық шара өтті
«Бірлігіміз әралуандылықта: бір дастарқан – бір отбасы». Алматыда осындай атаумен ерекше танымдық-аспаздық шара ұйымдастырылды.
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері қазақтың ұлттық тағамы сірненің бірнеше түрін дайындап, келушілерге ұсынды. Жас еттен бұқтырылып жасалатын тағам татар ұлтында «дімляма» деп аталады. Ал армяндар «хашляма» десе, ауғандықтар «думгаза» дейді екен. «Осы шара арқылы Қазақстанда тұрып жатқан түрлі ұлт өкілі ортақ мақсатқа еңбек етіп жатқанымызды білдіргіміз келді», – дейді ұйымдастырушылар. Шара қатысушылары дәстүрді сақтау және мәдениетаралық диалогты нығайту мәселелерін сөз етті.
Нұрия Ниязова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Әр ұлт өкілі қиын кезеңде дархан, мейірімді қазақ жеріне келіп, пана тапқанын ешқашан ұмытпайды. Бұл – тарих. Ел басына күн туғанда қазақ елі бізге қол ұшын созып, бауырына басты. Бұл бізді бірлікке жұмылдырды. Біз мұны өсіп келе жатқан ұрпаққа жеткізуіміз керек, бірлігімізді сақтау маңызды екенін барлық істе көрсетуіміз керек.