Жамбыл облысында ауыл мұғалімі өз қаржысына мұражай ашты

Жамбыл облысында мұғалім өз қаржысына мұражай ашты, деп хабарлайды 24kz.

Кеңес ауылының тұрғыны музейдегі жәдігерлерді жинауға 10 жыл арнаған. Қазір бас-аяғы 1100-ден аса құнды зат бар. Шалғай ауылдағы мұражайды арна тілшісі Мерей Бает көріп келді.

Мерей Бает, тілші:

- Алтай Жазылбеков Кеңес ауылындағы орта мектепте тарих пәнінен сабақ береді. Мұғалім мұражай қорын 10 жыл бойы жеке қаржысына жинаған. Жәдігерлерді сатып алуға 10 млн теңге жұмсапты. Сөйтіп, мектептен мұражай ашты. Оған жерлестері де қолда бар көне заттар табыстаған.

Алтай Жазылбеков, тарих пәнінің мұғалімі:

- Әр айлығымнан 1 монета болсын, ескілікті зат болсын мен соны сатып аламын, айлығымнан. Ол міндетті түрде. Әр мемлекеттік құрылуы тікелей сол монетаның болуымен байланысты. Қазақ тарихын кей жағдайда біз дәлелдей алмай жатамыз ғой. Ал қазақ тарихын осы теңгеменен қатар зерттейтін болсақ, қазақ тарихын 3 мың жылға жуық жазып шығуға болады.

Алтай Жазылбеков нумизматикамен әуестенеді. Жиған жәдігердің тең жартысы монеталар. Ақшаның VI ғасырға тән болса, бергісі тәуелсіздік алған жылдардағы алғашқы төл теңгелер. Шетел валюталарын да жиған. Мұғалімде банкноттың 500-ге жуық түрі бар.

Сауран Қалиев, Жамбыл облыстық «Руханият және тарихтану орталығының» директоры:

- Археологиялық жәдігерлердің ішінде үлкен дүниелер VI-IX ғасырларға тән Батыс Түрік қағанатының кезінегі қарлұқтардың, түргештердің теңгелері табылуы. Дәл осы сияқты ауылдық жерлерде тарихи өлкетану музейлері ашылатын болса, ол сол өскелең ұрпақтың өзі туып өскен өлкенің бірінші тарихын танып өседі және жәдігерлердің маңыздылығына оның тарихына құндылығына мән береді. Осынау жасап отырған еңбегі өзге де ұстаздарға мұғалімдерге үлгі болу керек сияқты.

Мұғалім ауылдық жерде жүріп-ақ тарихты насихаттауға зор үлес қосып жүр. Ұстаз алдағы уақытта шағын музейді құнды заттарға толтырып, кеңейтуді көздейді.

Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә