Сеулде Алматыдағы корей театрына арналған фотокөрме ұйымдастырылды
Сеулде Алматыдағы Корей театрына арналған фотокөрме өтуде, деп хабарлайды 24kz.
Онда оңтүстіккореялық танымал фотограф Ян Бён Манның жұмыстары көпшілік назарына ұсынылған. Ол 2022 жылдан бері Алматыға бірнеше рет келіп, Республикалық мемлекеттік академиялық театрдың әртістері мен спектакльдерін суретке түсірген. Көрмеге 70-ке жуық фотосурет қойылған. Сондай-ақ театр тарихы мен төртінші және бесінші буын әртістерін бейнелейтін 500 дана таралыммен фотоальбом шығарылды. Бұл мәдени мекеме 1932 жылы Владивосток қаласында құрылған. 1937 жылы кәрістерді Орталық Азияға жаппай жер аудару кезінде Қызылорда қаласында қайта ашылып, 60-жылдардың аяғында Алматыға көшті.
Ян Бён Ман, фотограф:
- Қазақстан корейлерінің тарихы Оңтүстік Корея тарихының бір бөлігі болып табылады. Көптеген мамандар жер аударылған жылдарды зерттейді, мен, әрине, фотограф ретінде оқиғаны айтып жеткізе алмадым, бірақ мен осы өнер ордасының жұмыс сәттерін түсірдім. Театрдың арқасында корейлер өздерінің салт-дәстүрін, мәдениетін сақтап қалды. Олар Қазақстан азаматтары және Қазақстан мен Корея арасындағы қарым-қатынасты жақсартуға көмектесе алады.