Ә. Молдағұлова туралы кино Шығыс Қазақстанда түсіріледі

Даңқты батыр Әлия Молдағұлова туралы көркем фильм Шығыс Қазақстанда түсіріледі.

Мәдениет және ақпарат министрі Facebook-тегі жеке парақшасында Беларусьте жоспарланған түсірілімге қатысты түсініктеме берді. Аида Балаеваның айтуынша, даладағы ұрысты бейнелеу үшін әуелден Беларусь жері белгіленген еді. Алайда бұл жер өзге де жобаларға алынып қойғандықтан, түсірілім кестесін келістіру мүмкін болмады. Салдарынан киножобаны уақытылы аяқтауға қатысты күмән туды. Дегенмен министрлік түсірілім алаңын Шығыс Қазақстанға көшіруді ұйғарды. Осылайша, көркем фильмнің сапасын сақтай отырып, оны уақытында аяқтауға болады. Кеңес Одағының даңқты батыры Әлия Молдағұлова жайлы ауқымды киножобаға 900 млн теңге бөлінген. Оның тең жарымы жеке инвесторлардың есебінен қаржыландырылады.

Айта кетейік, маусымда ведомствоаралық комиссия Әлия туралы фильмнен бөлек, тағы 17 жобаға мемлекеттік қолдау көрсету туралы шешім шығарған.