Қарағанды облысындағы 3 ауылда мәдениет үйі ашылады
Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданына қарасты 3 бірдей ауылда биыл жаңа мәдениет үйі ашылады, деп хабарлайды 24KZ.
Бұл елді мекендерде жыл өткен сайын тұрғындар көбейіп келеді. Сондықтан «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында өнер ошақтарын салу қолға алынды.
Үштөбе ауылындағы мәдениет үйі осыдан 30 жыл бұрын өртеніп кеткен. Ауыл өнерпаздары түрлі шараны аядай кітапханада өткізіп келіпті. Ал қазір жаңа мәдениет үйінің құрылысы аяқталып қалды. Ауылдың байырғы тұрғыны Рамазан ақсақал: Бұл – тұрғындар үшін көптен күткен қуаныш», – дейді.
Рамазан Қиқынов, Үштөбе ауылының тұрғыны:
- Мәдениет үйі биыл салынып бітеді. Құдай қаласа, енді осында келіп, бүкіл қуанышымызды бөлісіп, жастарды өнерге баулимыз, Өте керек нәрсе. Адам рухани бай болса, халық та бай болады.
Ауылда 3500 тұрғын бар. Жастар бос уақытын өткізетін орын аз болғандықтан, көбіне қалаға баратын. Енді қазан айының соңында мәдениет үйі ашылған соң түрлі үйірмелерге қатысып, өнерін осында шыңдай алады. Құрылысына 679 миллион теңге бөлінген жаңа ғимарат 200 орынға арналған. Заңға сәйкес тұрғындар саны 1 мыңнан асып кеткен ауылдарда жеке мәдениет үйі болуы тиіс. Биыл Бұқар жырау ауданына қарасты 3 бірдей ауылда жаңа нысан пайдалануға беріледі.
Айжан Мұратхан, Бұқар жырау ауданы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
- Үштөбе ауылы және де Көкпекті ауылында, сонымен қатар Доскей ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша мәдениет үйлері салынып жатыр. Бұл жерлерде мәдениет үйлері болмаған. Сондықтан осы ауылдарға жоспарланды. Осы көркем өнерпаздарға, жастарға, тұрғындардың бос орнын өткізуге таптырмас орын болады деп ойлаймыз.
Ауылға мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулатория қалай керек болса, мәдениет үйі де соншалықты маңызды. Қарағанды облысы бойынша 567 мәдениет, өнер және архив ғимараттары жұмыс істеп тұр. Биыл өңірге қарасты 16 ауылдың мәдениет үйіне жөндеу жүріп жатыр.
Авторлары: Руслан Нұрланұы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар.