«Өзбек Гогені» атанған Орал Таңсықбаевтың туғанына 120 жыл

«Өзбек Гогені» атанған қазақ суретшісі Орал Таңсықбаевтың туғанына биыл 120 жыл.

Ол – Өзбекстан бейнелеу өнері мектебін қайта құрған тұлғалардың бірі. Ташкентте дүниеге келіп, өмірінің көп бөлігін сол жерде өткізген. Суретші классика, халықтық өнер, батыс еуропалық авангард үлгілерімен жұмыс істеп, қазақ пен өзбек даласын, көркем табиғатын қылқалам қуатымен таныта білді. Көрші ел астанасында қазір Орал Таңсықбаев атындағы музей бар.

Әбілхан Қастеев секілді есімі елге мәшһүр суретші Орал Таңсықбаев бұл үйде 7 жыл тұрған. 1967 жылы Ташкентте болған жер сілкінісінен кейін осында көшіп келген. Бір кездердегі баспанасы қазір тарихи-мәдени орынға айналып отыр. Қылқалам шеберінің тұтынған заттары сол күйі сақталып, келушілер назарына ұсынылған. КСРО Халық суретшісінің 150-ге жуық еңбегі қабырғада ілулі тұр. Қалған туындылары Қарақалпақстандағы Савицкий атындағы музейде.

Фарход Джалилов О. Таңсықбаев атындағы музей-үйдің директоры:

- Музейімізге жергілікті ғана емес, шетелдік саяхатшылар да келеді. Мәселен, Англия, Франция, Германиядан елімізге арнайы ат басын тіреген туристер мұндай орындарға ерекше қызығушылық танытады. Олар Орал Таңсықбаевтың жұмыстарымен тікелей танысып, осында ұйымдастырылған басқа да көрмелерді тамашалайды.

Өзбек жерінде туған қазақ баласы көк жайлауды, әсем табиғатты шебер суреттейтін. Яғни, оның негізгі еңбектері пейзаж жанрында жазылған. Классика, халықтық өнер, батыс еуропалық авангард үлгілерімен жұмыс істеп, тарихи отаны Қазақстан жайлы да біраз туындыны жарыққа шығарды. Одан бөлек, Алматының опера және балет театрында еңбек етіп, 1938 жылы қойылған «Қалқаман-Мамыр» атты алғашқы қазақ балетіне арнап костюм үлгілерін жасады.

Наталья Глазкова, О. Таңсықбаев атындағы музей-үйдің бұрынғы ғылыми қызметкері, ерікті:

- Орал Таңсықбаевтың жұмыстарында табиғатқа ерекше екпін жасалған. Ол өзін қоршаған ортаға үнемі таңданыспен қараған. Оның шығармашалығына Гоген, Сезанн сынды атақты суретшілер әсер етті. Бастапқыда солардың жолымен жүріп, кейін өзіндік сүрлеу сала білді. Сол арқылы кескіндеме өнерінің жүйрігі ретінде танылды. Ал біз тұрған музей 43 жыл бұрын ашылған. Шағын мұражайлардың ішінде алғаш болып құрылған.

Орал Таңсықбаев Елизавета Яковлевнамен 42 жасында отау құрған. Ол тұрған үйдің музейге айналуына өмірлік серігі бастамашы болыпты. Ал 90 жылдығында бұл жерден тағы екіқабатты галерея ашылған. Қазір музейде түрлі мәдени шаралар өткізіліп тұрады. Суретші 1974 жылы Нөкіс қаласына кезекті көрмесін ашуға барғанда денсаулығы сыр беріп, көз жұмған. Өзбекстан бейнелеу өнері мектебін қалыптастырған тұлғаны көрші ел ерекше құрметтейді. Әрі туыстас халықтар арасын мәдени жақындастырып, рухани байланыстырып тұрған қайраткер ретінде дәріптейді.

Авторы: Рауан Мыңбаев.