Данияда Ботай мәдениеті туралы кітап жарық көрді
«Ботай – көлеңке іздері» фэнтези романының авторы – жас жазушы Леонора ван Деурс.
20 жастағы қыз қазақстандық зерттеуші-ғалым Нұрбол Баймұхановтың «Жылқы тарихы» атты деректі лентасын көріп, шығармашылыққа шабыттанған.
Айта кетейік, 1980 жылы археологтар қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Ботай ауылының маңында энеолит дәуіріне тиесілі көне қала орнын тапқан болатын. Бұл жаңалық жылқы малының алғаш Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді. Ботай мәдениеті туралы кітап қазақ және орыс тілінде жарияланады.
Леонора ван Деурс, жазушы:
- Ұлы даланың адамзат өркениетіне қалай әсер еткені еуропалықтарға өте қызық болады деп ойлаймын. Менің де мақсатым сол – кәрі құрлық жұртшылығына Ботай мәдениетін кеңінен таныстыру. Алғашында дала жануары саналған жылқыны қолға үйрету арқылы көшпелі өмір салты дамыды.
Нұрбол Баймұханов, тәуелсіз зерттеуші, продюсер:
- Бұл жоба «Equus: Жылқы тарихы» аясында түсірілген. 2016-2017 жылдары біз Қазақстанда 4 мекенде осы фильмнің тарихи реконструкциясын түсіргенбіз. Соның нәтижесінде 2018 жылы фильм дүниежүзіне шықты. Бүгінгі күні халықаралық деңгейде 50-ден астам елде көрсетілді. Солардың бірі Дания елінде.