Cover Show-дың жаңа маусымы жарыққа шығады
«Хабар» телеарнасында көрерменнің көзайымына айналған Cover Show бағдарламасының төртінші маусымы түсіріле бастады, деп хабарлайды 24kz.
Музыкалық мега шоу бүгінге дейін талай әнді қайта түлетіп, көптеген жас әншіні көрерменге танытып, бағын ашты. Бағдарламаның жаңа маусымында қандай жаңалықтар бар? Биыл оған кімдер қатысады?
Гүлжан Көленқызы, тілші:
- Жобаның басты мақсаты– аға буын мен жаңа толқын арасына көпір орнату, сағындырған әндерге айналған туындыларды жаңа өңдеуде тыңдарманға қайта ұсыну болатын. Бұл мақсат орындалды да. Алдыңғы үш маусымда еліміздің музыка қоры жаңарып, эстрадаға жаңаша бағыт әкелген жас әншілердің есімі кең аудиторияға таралды.
Кемелбек Ойшыбаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы:
- Төртінші маусымын ашқалы жатырмыз. Үш маусым бойы 200-дей әнші қатысып, 400-ге жуық әндер орындалып, қазіргі таңда YouTube желісінде миллиондаған қаралымдар жинап жатыр. Соның барлығы үлкен нәтиже, жақсы жетістіктер, соның арқасында біздер «Хабар» агенттігі осы жобаны жалғастырамыз деп шешім қабылдадық.
Жаңа маусымның ерекшелігі – жоба қатысушылары қатарында танымал әншілер бар. Роза Рымбаева, Жұбаныш Жексенұлы, Толқын Забирова, Құрмаш Мақанов сынды кәсіби музыканттар да көрерменге кавер ұсынады.
Роза Рымбаева , Қазақстанның халық әртісі:
- Көптеген әндер екінші өмірге келіп жақсы орындаушыны тапты деп ойлаймыз. Себебі орындап жатқан әншілердің бәрі шеберлер. Бүгінгі біздің эстрадамыздағы, сахнадағы жұлдыздарымыз, майталман әншілер, белгілі әншілер. Олар бүгін мына жастардың әндерін өзінің мәнеріне ыңғайлап, шағарып жатыр. Маған өте қызық болып жатыр сол.
100 минуттан тұратын әр бағдарламада төрт қатысушы бақ сынайды. Олар тыңдарманның құлағына сіңісті болған әндерді жаңа аранжировкада орындайды. Биылғы кавер нұсқалар жанрының әртүрлілігімен ерекше.
Аман Ахмет, әнші:
- Cover Show-дың төртінші маусымына Сәкен Майғазиев ағамыздың «Жүрегімнің ішіндегі жүрегім» әнін таңдадым. Менің каверімнің түпнұсқадан ерекшелігі – біз стилін сәл өзгерттік, R&B стиліне. Осы жоба жаңа толқындарды ашып жатыр десек болады. Көп танылмай жүрген жігіттер, қыздар бар. Сол кісілерге үлкен бір мүмкіндік беріп жатыр. «Хабар» агенттігініе үлкен алғыс білдіреміз.
Үздік каверге әдеттегідей жобаның бас сарапшысы Мейрамбек Беспаев пен ауыспалы үш сарапшы өз бағасын береді. Ал, жаңа өңдеу, сапалы музыка, талантты орындаушылардың ең басты төрешісі – көрермен. Үздік кавер әнді залда отырған көрермен дауыс беру арқылы анықтайды.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сұлтан Бейсекенов