Атырау облысынан 160 млн жыл бұрын өмір сүрген жануардың сүйегі табылды

Атырау облысында осыдан 160 млн жыл бұрын өмір сүрген теңіз бауырымен жорғалаушыларының омыртқалары және 50 млн жыл бұрынғы алып акуланың тістері табылды, деп хабарлайды 24kz.

Биыл облыстық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырған палеонтологиялық экспедиция Жылыой ауданына қарасты Ақкегершін, Ақтолағай, Қойқара, Иманқара, Шөлқара тау жоталарының бор массивтеріне зерттеу жүргізген болатын. Далалық және камералық палеонтологиялық әдістер қолданылған зерттеу кезінде 511 палеофауна мен палеофлора үлгілері жиналды. Оның ішінде омыртқалыға жататын 259, омыртқасыздар санатындағы 229, тасқа айналған 18 ағаш үлгісі бар.

Мұқанбетқали Қипиев, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры:

- Осыдан миллиондаған жылдар бұрын бұл жерлердің барылғы теңіз астында болған. Бұл жәдігерлердің барлығы музей қорында сақталатын болады. Біз алдағы уақытта үлкен көрмеге шығаратын боламыз. Бір ескеретін жәйт, 1931 жылы Рябинин деген полеонтолог біздің Қойқара тауынан мезозой дәуіріне жататын жануардың омыртқаларын тауып, оны «эмбазавр» деп атаған екен.