Өзбекстанда «Шығыс әуендері» фестивалі өтті
Өзбекстанда «Шығыс әуендері» халықаралық музыка фестивалі өтті, деп хабарлайды 24KZ.
Байқау 5 жылдық үзілістен кейін қайта шымылдығын түрген. Оған әлемнің 80-ге тарта мемлекетінен мәдениет майталмандары жиналып, бірнеше ән жанры бойынша сынға түсті.
Өзбекстан, Самарқан, Регистан және әлем өнерпаздарын бір жерге тоғыстырған сахна. Өнер атаулы салтанат құрған мекен. Бұл күндері қала шығыс әуендерімен құдды тербеліп тұрғандай. Ашық аспан астындағы сахна да сол әсерді еселей түсті. Шаһар 30 жылға жуық тарихы бар музыка фестивалімен қайта қауышып отыр. Оны жергілікті жұрт қана емес, шетелдіктер де асыға күткен.
Тек Шығыс халықтарына тән әуезді әуен. Ырғақты би. Әсерлі қойылым. Биыл 13-ші мәрте ұйымдастырылған музыка фестивалі түрлі ұлт пен ұлыстың бай мәдени мұрасын ұштастырып қана қоймай, өнер иелерінің өзіндік мерекесіне айналды. 80-ге тарта мемлекет өкілі қатысқан сайыс дәстүрлі һәм заманауи ән жанрлары бойынша өтті.
Сирожиддин Усаров, Өзбекстан мәдениет министрлігі ақпарат қызметінің басшысы:
- Бұл фестиваль аясында ұйымдастырылған әрбір шара меймандарға жақсы әсер қалдырады деген ойдамын. Оның ауқымы уақыт өткен сайын кеңейіп, дүниежүзі халықтарын рухани тұрғыда біріктіретін тамаша ән мерекесі ретінде таныла бастағандай. Біз осы арқылы қонақжайлық қасиетімізді де көрсеткіміз келеді.
Алғаш рет 1997 жылы өткен байқауға 30-дан аса елдің өкілі қатысқан. Сол жолы Қазақстан атынан сынға түскен танымал әнші Рамазан Стамғазиев жүлде еншілеген еді. Кейін оның жеңіс жолын 2015 жылы Біржан Бәзілжанов жалғады. Биыл да фестивальге қатысқан қазақстандық өнерпаздар олжасыз қалмады. Оралдық «Атамекен» этнофольклорлық ансамблі ірі ән байқауында ІІ орын иеленді.
Ернар Өмірәлі, «Атамекен» этнофольклорлық ансамблінің мүшесі:
- Бұл 97 жылдан бері өткізіліп келе жатқан конкурс болғаннан кейін, ауқымын көргеннен кейін жауапкершілікті сезіндік. Сол кезде Рамазан ағамыз жүлде алған екен. «Атамекен» этнофольклорлық ансамблінің құрылғанына көп болған жоқ. Оған дейін Еуропаның біраз елін шарлап келдік.
Мұндай деңгейдегі іс-шара Өзбекстанның мәдени мұра ескерткіштерін танытуға да сеп. Осы арқылы көршіміз туристік әлеуетін жаңа қырынан көрсетпек. Қатысушылар бірнеше күн бойы Регистан алаңын саз аспаптарының сиқырлы сазына бөледі. Олардың өнерін кәсіби мамандар бағалады. Жеңімпаз бен жүлдегерлерге қомақты сыйақы табысталды.
Авторы: Рауан Мыңбаев.