ЭКСПО алаңындағы жазғы концерттер маусымы аяқталды

Астанадағы басты концерттік алаңдардың бірі – EXPO жазғы сахна алаңы кезекті маусымын аяқтады.

Конституция күнімен тұспас-тұс келген мерекеге қалың көпшілік жиылды. Ауқымды мерекелік іс-шарада кімдер өнер көрсетті?

Саз ырғағына бөленген жастар, эстрада әртістерін телефонға түсіруге ұмтылған балақайлар және сәбилерін құшақтап концертке келген ата-аналар. Бұл EXPO аумағындағы жазғы сахна маңына жиылған қауым. Конституция күнінде DJ Ness, K-pop Heemang crew, OSTAP, Мәдениет, Ілияс Қабдырайлар қалың көрерменді шығармашылығымен қуантты. 

Гүлжан Нөпірова, «QAZEXPOCONGRESS» Ұлттық компаниясының баспасөз хатшысы:

- Қазэкспо ұлттық компаниясы жеті жылдан бері концерт ұйымдастырып келеді. Жазғы концерт алаңында 10 концерт ұйымдастырылды. Сахнада Мирас Жүгінісов, Алмас Кішкенбаев, Дастан Оразбеков, Маржан Араппаева сынды Қазақстан эстрадасының әншілері өнер көрсетті.

Ал концерттің көрігін хэдлайнер ретінде шақырылған Мирас Жүгінісов қыздырды. Танымал әртіс ән шашумен бірге ізгі тілегін де жолдап үлгерді.

Мирас Жүгінісов, әнші:

- Барша біздің Қазақстан елін Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын. Еліміз көркейе берсін. Біз дами берейік. Тек ғана табысты болайық, жеңісті болайық. Әрдайым еңбектеніп, қазағымыздың туын желбіретіп жүре берейік.

Айта кетейік, жазғы концерт маусымы аяқталғанымен 1 қыркүйек күні Экспо іскерлік кешен аумағындағы жазғы сахнада балалар фестивалі өтеді.

Бақыт Топтаева, Ақылбек Есімсейіт