Өзбекстаннан қазақ қолбасшысының кесенесі табылды
Өзбекстанда осыдан 400 жыл бұрын салынған көне кесене табылды.
Бірде-бір кірпіші бұзылмай, бәз-баяғы қалпында сақталған нысан Самарқан облысында орналасқан.
Жергілікті зерттеушілердің айтуынша, онда ХVI - XVII ғасырларда өмір сүрген қазақ қолбасшысы жерленген. Есімі – Тоқманбай. Ол сол заманда хан бұйрығымен Самарқан жеріне әскери көмекті бастап барып, мезгілсіз өмірден озған. Бұл деректі көрші елдің мамандары айтып отыр.
Самарқан маңындағы бұл бейіт – жергілікті жұрт үшін қастерлі орындардың бірі. Мұнда ғасырлар бойы іргесі сөгілмей келе жатқан көне кесене бар. Оның сырына өзбекстандық зерттеушілер терең үңіле бастады. «Самарқанд қабірлері» кітабындағы мәлімет бойынша бұл жерде қазақтың рубасы Тоқманбай мәңгілік мекен тапқан. Ол ХVI ғасырда хан бұйрығымен Шайбани мемлекетіне арнайы көмекпен келіп, атты әскер жасақтаған.
Яхшыбай Таджибаев, жергілікті университет оқытушысы:
- Бұл кесене XVII ғасыр басында салынған екен. Ол кезде өлкені Бұқара ханы Убайдулла басқарған. Сол заманда әскери көмек арқалап Самарқанға Тоқманбай келген деген дерек бар. Мұны біз кеңес үкіметі тұсында ғалымдар жүргізген зерттеу нәтижесінен аңғардық. Олар осы аймақта жерленген тарихи тұлғалар туралы бүтіндей бір кітап жазып шыққан. Тап осы кесенеде қазақтың рубасы Тоқманбай жатыр деген мәліметті сол жерден оқыдық.
Кесене екі қабаттан тұрады. Астыңғы бөлігі шөгіп қалған. Құлпытасы да көрінбейді. Ал екінші қабаты байырғы қалпында. Күмбездегі кірпіштер еш үгітілмеген. Зерттеушілер зиратты өткен ғасырға дейін баба ұрпақтары күтіп-баптап келгенін айтады. Кейін біраз уақыт қараусыз қалып, маңайы жалпыға бірдей бейітке айналған. Ал осы күні жергілікті белсенділер нысанды жаңғыртуды ұсынып отыр. Әзірге мазар ішінде тұрғындардың көмегімен тазалық жұмыстары жүргізіліп тұрады.
Ділдора Хасанова, тарихшы:
- Таяуда біз Өзбекстан тарихы жайлы зерттеу жүргізгенімізде Убайдулла ханның Тоқманбайды арнайы шақыру себебін білдік. Ғалымдардың пайымы бойынша Тоқманбай өз дәуірінің ауқатты адамы болған. Әрі үйір-үйір жылқысы бар, жарықтық жануарды жазбай танитын қабілетке ие екен. Сол себепті Шайбани мемлекетінің басшысы қазақ қолбасшысына атты әскер құру жөнінде өтініш білдіреді. Сөйтіп Тоқманбай осы өлкеге келеді.
Самарқан тұрғыны Акмал Хамраев – кесене жайлы құнды дерек жинап жүргендердің бірі. Ол мұнда Шайбани әулиетіне тиесілі басқа да зираттардың барын анықтаған. Қолдағы бар мәліметін тарихшылар мен археологтар назарына ұсынып отыр.
Акмал Хамраев, тарихи орындарды зерттеуші:
- Әуелі халықтан сұрастыра келе, мына жерде қазақ пен өзбекке ортақ тарихи тұлға жатқанын біліп отырмын. Екі халық сол заманнан бір-біріне өте жақын болған. Кесенені екі қабатты екенін айттық. Оның астыңғы бөлігіне түсіп, көргендердің бірімін. Қабырғасында көне жазулар бар. Ал құлпытасы топырақ астында жатуы ықтимал. Оның барлығын жер үстіне шығарып, кешенді зерттеу жүргізу қажет болып тұр.
Өзбекстан үкіметі көне зират маңына арнайы қоршау салған. Мамандардың айтуынша, елде Шайбани әулиеті туралы әлі толық зерттелмеген тарихи деректер бар. Бұл іс алдағы уақытта қолға алынса, Самарқанда жерленген Тоқманбай жайлы да біраз тың мәлімет жарыққа шығуы мүмкін.
Рауан Мыңбаев, 24.KZ, Өзбекстан