Астанада Сальвадор Далидің көрмесі өтіп жатыр

Атақты суретші Сальвадор Далидің 61 еңбегі елордаға жеткізілді. Көрме Хас санат галереясында өтіп жатыр.

Экспозиция құрамына «Кармен», «Алиса ғажайыптар елінде», «Далиниан жылқылары», «Махаббат трилогиясы» серияларынан бірнеше көркем суреттер енген. Дали жылқыларды қатты ұнатса керек, көп бейнелеген екен. Ерекше есімде қалғаны осы болды. Бәлкім оның бұл қырын жылқы жануарын қадірлеген қазақ халқына ұқсаттым ба екен. Олардың барлығы жеке коллекционерлердің қорынан алынғанын айта кетейін.

Сальвадор Дали – бейнелеу өнеріне төтенше құбылыс болып енген тұлға. Ол салған суреттерге қарап, құдды шығарма оқып жатқандай күй кешесіз. Бір қарағанда көзге оғаш болып көрінгенмен, түйіні терең, адам ойына орала бермейтін бейнелер. Атақты қылқалам шебері сонысымен талайды ынтық қылады. Оның дарынына табынушылар әлемнің әр түкпірінде кездеседі. Бұл таңғажайып өнер туындылары енді астана тұрғындары мен қонақтары үшін де қолжетімді.

Сергей Трощенков, өнертанушы:

- Биыл сюрреалимз жанрының пайда болғанына 100 жыл толады. Оған қоса, әлем Сальвадор Далидің 120 жылдық мерейтойын тойлап жатыр. Осы қос айтулы датаға біз де өз үлесімізді қосқымыз келді. Бұл көрмені өткізуге бір жыл дайындалдық. Мұнда 61 литография қойылған. Олардың барлығы түпнұсқа. Әлемнің әр еліндегі коллекционерлердің жеке қорынан алынды.

Атақты ағылшын жазушысы Льюис Кэрролдің "Таңғажайыптар әлемдіндегі Алиса" шығармасы көпшілікке таныс. Сол ертегіні Сальвадор Дали қылқаламына арқау еткен. 1969 жылы өте шектеулі сериямен 12 көрнекті суретті жазып шыққан. Солардың бірқатары осы көрмеде ұсынылды.

Шебердің ірілі-ұсақты мыңға тарта, тіпті кей кітаптарда 2 мыңнан аса туындыны өмірге әкелгені айтылады. Десе де әлемге әйгілі суретшінің өнімді еңбек еткені анық. Әсіресе сюрреализм жанрын биік деңгейге көтерді. Бүгінде оның қолтаңбасын қайталауға талай менмін деген суретшілер талпынып жүр, - дейді өнертанушылар. Ал Далидің суреттен бөлек, дизайн, графика, фотография сынды ілімдерге әуес болғаны оның санқырлы болмысын айғақтайды.

Жанұзақ Мүсәпір, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, суретші:

- Бізде қазір көп суретшілеріміз Сальвадор Дали сияқты боламыз деп түрлі-түрлі "изм"-дерге кетіп жатады. Ол үшін үлкен дайындық керек. Суретші өте үлкен дәрежеге келген кезде өзіне "изм" іздей бастайды. Өзіне жаңалық іздей бастайды. Сондықтан Сальвадордың ерекшелігі – ол өзіне жаңалық ашқан адам. Әлемде ең үлкен жаңалық ашқан адамның бірі. Сальвадор бізде мына логотип дейміз ғой, сол логотипті жасаудың шебері болған. Ол фотоны да меңгерген, оның актерлік та шеберлігі бар, сегіз қырлы бір сырлы деп айтуымызға болады.

Сальвадор Дали – қоғамға қозғау салды. Ол өз болмыс-бітімімен қалыпты бұзып өтіп, жаңа дүние жасады. Жүрген жері – сенсация, қылығы – тұнған эпотаж... Иә, ел арасында тентек талант атанған алыптың өнері – өміршең. Бұған бұқара куә. Астанада аталмыш көрме Хас санат өнер галереясында ай соңына дейін жалғаспақ.

Назерке Тоқжан, Мадияр Қындыбаев, 24.KZ