Хабардың «Оян!» бағдарламасы көрерменмен қайта қауышты
Көңілашар бағдарлама жаңа маусымда отандастарымызға керемет көңіл күй, қызықты ақпарат ұсынып қоймай, жоғары сапалы контент өндіруге талпынып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Ол үшін әлемдік арналардың тәжірибесін сіңіріп, зерттеулер жүргізген.
«Оян!» көрермендерімен 2 қыркүйекте қайта қауышты. Бағдарлама дүйсенбі мен жұма аралығында таңғы сағат 07:00-ден 10:00-ге дейін эфирге шығады. «Хабар» арнасының ұжымы жаңа маусымда тың идеяларды жүзеге асырып, барынша пайдалы ақпараттарды ұсынуды көздеп отыр.
Бек Сәдуақас, «Оян!» бағдарламасының жүргізушісі:
- YouTube арнасында тікелей эфирде стримге шықтық. Жалпы стрим дегеніміз не? Әуелі содан бастайық. Стрим дегеніміз, яғни біз аудио-подкаст стилінде, жанрында YouTube арқылы тыңдарманмен қауыштық. Ол, әрине, тікелей эфирдің алдында болған процесс. Онда біз студиямызға келген қонақтармен таныстық. Сұхбат та өрбіттік. Бұрын-сонды «Хабар» агенттігінің тарихына YouTube-стримдер өтпеген.
Бұған дейін аутсорс компанияларға тапсырылып келген бағдарламаны биыл агенттіктің өзі дайындайды. Сондықтан мамандар мен студияның техникалық және технологиялық тұрғыда дайын болуына аса мән берілді.
Нариман Қойшыбаев, таңғы бағдарламалар бөлімінің басшысы:
- Екінші кезеңде бағдарламаның әртүрлі халықаралық стандартқа сай болуына, өтуіне қазір атсалысып жатырмыз. Бұл – енді интерактивтің көбеюі, әртүрлі тікелей қосылымдар, сондай-ақ студияның ішіндегі мына жерде арнайы орнымыз бар. «Активити» дейміз. Әртүрлі жағдаяттарда, әртүрлі сала, мамандықтарға қатысты мәселелерді талдап, көрерменмен қызықты дүние бөліскіміз келеді.
Жаңа маусым алдында арна қызметкерлері арнайы зерттеу жүргізіп, көрермендерді цифрлық сауаттылық туралы материалдардың қызықтыратынын анықтаған. Сондықтан эфирде осы бағыттағы контент көбірек ұсынылмақ.
Авторолары: Серік Селеубайұлы, Арман Ақшабаев.