Алматыда BAIQONYR халықаралық кинофестивалі басталды
Алматыда дәстүрге айналған BAIQONYR халықаралық кинофестивалі басталды, деп хабарлайды 24KZ.
9-шы рет ұйымдастырылған додаға биыл Грузия, Әзербайжан, Армения, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Ресей сияқты 20 елден 670 өтінім түскен. Финалдық кезеңге 8 мемлекеттен қысқаметрлі 33 картина іріктеп алыныпты. Одан бөлек, биыл алғаш рет толықметрлі 5 фильм бақ сынайды. Фестивальдің шымылдығы қазақ режиссері Кенжебек Шайқақовтың «Айқай» фильмімен ашылды. Жас режиссерлердің жұмыстары қысқаметрлі халықаралық фильмдер байқауы, ұлттық картиналар байқауы және толықметрлі дебюттік кинолар санаты бойынша іріктеледі. Әр елден келген киносыншылар мен сала мамандары үздік режиссер, үздік актер, үздік оператор және үздік сценарий авторларын анықтайды. Жалпы фестивальдің қорытындысы бойынша топ жарған туынды әлемдік байқауларға жолдама алады. Фильмдер тегін көрсетіледі. Одан бөлек, көрермендер кино саласының майталмандары қатысатын форумдар мен панельдік сессияларға қатыса алады.
Ержан Жұмабеков, BAIQONYR халықаралық кинофестивалінің бағдарлама директоры:
- Бірінші кезекте бұл фильмнің көркемдік ерекшелігі, режиссерлік идея, стильдік-көзқарастық ерекшеліктер, қандай да бір көркемдік ізденістер, режиссерлік ізденістер болса, біз, әрине, мүмкіндігінше бағдарламаға алуға тырыстық. Сонымен қатар арнайы фокус бірінші кезекте ұлттық киноға арналады.