Қаллекидің жаңа маусымы және «Тоқта, түн»

Баршаға мәлім, күз айын театр ұжымдары асыға күтеді. Өйткені жаңа маусым ашылады. Қазір мәдениет ошақтарында қызу дайындық жүріп жатыр.

Жаңа маусым

Үш ай үзілістен соң көрерменмен сағына қауышатын өнерпаздардың тартуы аз емес. Ол - жаңа премьера, тың режиссерлік шешімдер. Бүгін алғашқылардың бірі болып, елордадағы Жас көрермен музыкалық театры кезекті маусымын "Абай-Тоғжан" спектаклімен ашады. Әйгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің аттас шығармасына құрылған қойылым театрдың төлқұжатына айналған.

Оны сахнаға лайықтаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков. Ал Абай рөлдерін Қазақстанның Халық әртісі Тілектес Майрамов пен белгілі актер Нұркен Өтеуіл сомдайды.

Кертартпа әдет-ғұрып пен дүлей заманды айыптап өткен данышпанның фиолософиясы бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Сондықтан труппа өз көрермендерін өнер шаңырағында 11 қыркүйекте  өтетін кеште асыға күтеді.

Суретшімен жүздесу

Елордада белгілі қылқалам шебері, журналист Жанұзақ Мүсәпірдің еңбектері студенттер назарына ұсынылды.

Бас-аяғы 30-ға тарта өнер туындысы Еуразия ұлттық университеті қабырғасында өткен көрмеге қойылды. "Көшпенділер тарихы" деп айдар тағылған картиналар желісі халқымыздың бай әдет-ғұрпы мен салт-санасынан хабар береді.

Олардың көлемі мен салыну техникасы әртүрлі. Жас ұрпақ бұл бірегей жұмыстарды тамашалап қана қоймай, суретшімен тілдесуге мүмкіндік алды. Автор көрмені елімізде өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынына арнап отыр.

"Тоқта, түн" көрерменге жол тартты

Қазақстандық мюзикл жарыққа шықты. "Тоқта, түн" деп аталатын туындыны "Medeor" студиясы түсірген.

Фильмге Мәдениет және ақпарат министрлігінің "Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы" демеушілік етті. Музыкалық шығармалар даңқты A’Studio тобының жетекшісі Байғали Серкебаевтың қолынан шыққан. Режиссері Фархат Шәріпов. Кинода жас музыканттың жан азабы, өнер мен отбасы арасындағы маңызды таңдау жасауы суреттелген.

Кемеңгер Орал, актер:

- Бұл фильмнен мен көп нәрсе үйрендім. Көп тәжірибе алдым. Өйткені біз фильмде бидің көптеген жанрын көрсетеміз. Степ, контентпен айналыстық. Вокалмен айналыстық. Одан бөлек фильмде жаңа жанрды көрсетуге тырыстық.

Назерке Тоқжан, 24.KZ