Өзбекстанда Әкем-театрдың гастрольдік сапары басталды

Осы күндері Өзбекстанда Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының гастрольдік сапары өтіп жатыр.

Отандық өнер ұжымы көрші елде бас аяғы 7 күн болып, жергілікті көрерменге 6 спектакль ұсынбақ. Соның бір парасы Ташкенттегі музыкалық комедия және оперетта театрында сахналанады. Одан кейін сапар Қарақалпақстан астанасы Нөкісте жалғасады. 70-тен аса театр әртісі қатысып жатқан өнер керуені жайлы әңгімелесек.

Әйгілі Әкем-театрының Өзбекстанға сапарын асыға күткендер көп. Гастрольдің алғашқы күні-ақ көрермен залында ине шаншар жер болмады. Асанәлі Әшімов бастаған қазақ өнерінің көрнекті өкілдерін жергілікті жұрт құшақ жая қарсы алды.

Өнер керуенін «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» махаббат дастаны бастап берді. Ғабит Мүсіреповтің драмалық туындысы алғаш рет 1940 жылы сахналанған. Содан бері тұтас түркі әлеміне ортақ мұраға айналып, рухани құндылығын сақтап келеді.

Елік Нұрсұлтан, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының қоюшы-режиссері:

- Негізгі рөлдерде Мағжан Тұрыс ойнайды. Қозының рөлін. Баянның рөлін Индира Құлмағамбетова деген қарындасымыз ойнайды. Қодарды Ғалым Оспанов ойнайды. Ал енді ертеңгі күні «Қорқыттың көрі» спектаклі. Ол жерде басты рөлде Дулыға Ақмолда ағамыз. Ол кісі Қазақстанның су жаңа Халық әртісі.

Театр әртістері Ташкентте үш күн болып, «Қорқыттың көрі» және «Бес бойдаққа бір той» спектакльдерін де көрсетеді. Кейін Нөкіске жол тартады. Ондағы көрермен «Қыз Жібек», «Қоштасқым келмейді» және «Махаббат пен қасірет» атты драмалық туындыларды тамашалай алады.

Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Еңбек ері, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының көркемдік жетекшісі:

- Театр үлкен. Актерлік құрам 80-ге жуық. Биыл ремонт болып жатыр. Әртүрлі жағдай болады. Сондықтан бізде биыл гастроль. Өзбекстан, Қарақалпақ, Қырғызстан. Сосын басқа да мемлекеттерге баруымыз мүмкін. Сондықтан айтылатын сөз көп. Сіздермен әңгімелескен біздер үшін рахат, қуаныш.

Айта кетейік, Әуезов театрының бұл көрші елге кейінгі 15 жылда алғаш жасап отырған сапары. Екі ел өнер мен мәдениет саласында алтын көпір орнатқан. Өзбекстанның музыкалық комедия және оперетта театрының әртістері енді Қазақстанға бармақ. Сол арқылы руханият биігіндегі айтулы шығармаларын кең насихаттауға ниетті.

Рауан Мыңбаев, 24.KZ, Өзбекстан