Жас көрермен театрында жаңа маусым ашылды

Биыл композитор Сыдық Мұхамеджановтың туғанына – 100 жыл.

Сыдық Мұхамеджанов дегенде, ойымызға бірден Абай өлеңдері оралады. «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да», «Ғашықтың тілі - тілсіз тіл» айта берсең көп. Бұдан өзге де лиризмге толы романтастары мен әндері бар. Ал композитордың шығармашылығында шоқтығы биік туынды ол әрине, - «‎Дауыл» атты бірнеше бөлімді симфониясы.

Зергер Берік Әлібайдың көрмесі  

Елордада ұлттық өнердің ұлықтаушысы, танымал зергер Берік Әлібайдың жеке көрмесі өтіп жатыр. Ұлттық Музей қабырғасындағы экспозицияға шебердің қолынан шыққан 200-ге тарта бұйым қойылған. Атап айтсақ, сал-серілердің сәндік заттары, әйелдер мен ерлердің әшекей жиынтығы, бас киім үлгілері мен ат әбзелдері. Сондай-ақ көшпелі халықтың жауынгерлік жарақтарын да осы көрмеден тамашалауға болады. Шебер көбіне күміс пен асыл тастарды кәдеге жаратады. Оларды еліміздің өңірлерін аралап жүріп тапқан. Көздің жауын алар бұл жәдігерлер - ұлттық болмысымызды танытады. Атадан балаға дарыған асыл өнерді зергер 35 жылдан бері серік етіп жүр. Осы аралықта Берік Әлібай қазақтың төл мәдениетін жер жаһанға паш етті. Әлем зергерлері арасындағы ең құрметті сыйлық - Карл Фаберже орденің иегері атанды.

Берік Әлібай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, зергер:
-
Бірінші атамның бұйымдары, «‎Ұрпаққа мұра» деп атамның бұйымдарынан басталады.Келесі ер адамдарға арналған, одан кейін әйел адамдарға арналған. Одан кейін соңғы шәкірттерімнің бөлімі бар. Ішіңнен шыққан балаң сияқты ғой. Әрбір зат қымбат мен үшін. Әрбір затқа маңдай бер төгілген. Түркияның президентіне сыйланған қылыштар, Малазияның премьер-министріне сыйланған қылыштар бар өте көп. Жақында Франция президенті Макрон менің бір әшекейімді аттай қалап сатып алды. 

Көшпенділер тұрмысын танытатын фотокөрме

Көшпенділер өмірімен қайта қауышқандай әсер қалдыратын Астанадағы тағы бір іс-шара мәдениет және ақпарат министрлігінің мұрындық болуымен өтіп жатыр. «Көшпенділер рухы: шексіз көкжиек» атты фотокөрмеге елімізге және әлемге танымал шеберлердің еңбектері қойылған. Атап айтсақ, Анзор Гасаев, Александр Кузнецов, британдық Конор Макнейл мен венгриялық Шандор Карачонның бірегей кадрлары бар. Олардың қай-қайсы да төл тұрмысымызды айшықтап тұр. Сондай-ақ көрмеде қазақ үйдің инновациялық эко жобасы, замануи тәсілді қолдана отырып, киіз бен жүннен жасалған бірегей бұйымдар көпшілік назарына ұсынылған.

Жас көрермен театрында жаңа маусым ашылды

Елордадағы Жас көрермен музыкалық театры 5-ші маусымын ашты. Іс-шара алдында әртістерге құрмет көрсетіліп, жоралғыға сай қызыл кілеммен жүріп өтті. Театрдың шымылдығы кезекті рет «Абай-Тоғжан» қойылымымен түрілді. Бұл бекер емес. Себебі дәл осы спектальмен осыдан төрт жыл бұрын өнер шаңырағы өз жұмысын бастады. Содан бері көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп келеді. Әрі әртістердің бағын жаққан бірегей туынды. Қойылымның режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров. «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасы бүгінге дейін ұлы ақын жайлы қойылған шығармалардан болмысы бөлек жаңа туынды», - дейді өнер майталмандары. Жастардың  рухани қалыптасуына септігі мол бұл қойылым «Абай» ғұмырының бозбала кезеңнен көрініс береді. Қасиетті сахнаға қайта оралған жас көрермендік әртістердің қалың жұртшылыққа әзірлеген тартуы аз емес.

Асхат Маемиров, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
- Т
өртінші маусымда көрерменге 341 қойылым көрсетіп, 91 мыңнан аса көрермен сол қойылымдарды тамашалады. Меніңше 200 орындығы бар театр үшін үлкен көрсеткіш. Биылғы маусымда біздің жоспарымыз бойынша осы қазан айында Ж.Аймауытұлының 135 жылдыға арналып, ұлы жазушының комедиясын сахнағалы отырмыз. Биыл белгілі драматург Роза Мұқанованың 60 жылдыға арналған фестиваль өтеді.  Сол фестиваль шеңберінде "Мәңгілік бала бейне" драмасын сахнағалы отырмыз.

Дінислам Нұрмағанбетов, Жас көрермен музыкалық театрының актері:
- Мұндай ұлы тұлғалардың рөлін сомдау әр актердің бақыты деп ойлаймын. Сол бағыма орай, Абай атамыздың бозбала шағын сомдау бұйырыпты. Бұл мен үшін ең ерекше, ең ыстық рөлдердің бірі. Ең алғашқы десем де болады. Кез келген жас жігіттің бозбала шағында ол ұқсастық болып тұрады. Бұл Абайда да өткен ғашықтық, сенде өткен ғашықтық.