Қызылордалық құрақшылар елордадағы көрмеде рекорд жаңартуға ниетті

V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны аясында елордада қазақтың ұлттық құндылықтары паш етілетін көрме өтеді, деп хабарлайды 24KZ.

Оған Сыр өңірінен де бір топ қолөнер шебері қатысады. Олардың қатарында 16 құрақшы қыз-келіншек бар. Сыр елінің ісмерлері «Аламан құрақ» жобасы аясында ел рекордын жаңарту шарасына үлес қосуға ниетті.   

V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны аясында Астана қаласында өтетін көрмеге қатысушы қолөнер шеберлерінің бірі – Күләйхан Байжанова. Он саусағынан өнер тамған Қызылорда қаласының тұрғыны мына көздің жауын алатын құрақ көрпені небәрі бір аптада тігіп шыққын. «Бала күнімнен үйренген өнерім болғандықтан, ұлттық дәстүрімізді әлемге танытатын маңызды шараға қатысуға қуана келістім», – дейді шебер.   

Күләйхан Байжанова, қолөнер шебері:

- Бірдей техникада, бірдей түсте, бірдей өлшемде тігілген көрпешені республика бойынша 450 құрақшы бір мезетте кілем түстес етіп жаямыз. Қазақтың ол жерде төл өнері құрақты әлемге паш ету. Ұрпақтан ұрпаққа деген сабақтастықты жалғастыру.

Елордаға әр өңірден жиналатын 450 құрақшының 16-сы Сыр өңірінен барады. Олардың ішінде Күләйхан Байжанованың қызы Айдана мен немересі Нұрбибі де бар. 12 жастағы Нұрбибі Темірхан сурет салып, әшекей жасауды жақсы көреді екен. Ал құрақ құрауды 2 жылдан бері үйреніп жүр.

Нұрбибі Темірхан, К. Байжанованың немересі:

- Әжеге келгенде әже үйретеді, анам өзі көрпеше тіге алады, өзі бисермен де жұмыс істей береді. Сосын анамнан қарап үйрене бастадым. Үйреніп алғасын өзім жасай беремін.

Барлық шебер бірдей үлгіде ұзындығы 2,5 метрлік көрпеше дайындаған. Оған қошқармүйіз, гауһартас, аламан құрақ және құсмұрын оюлары қолданылып отыр.

Күләйхан Байжанова, қолөнер шебері:

- Абайдың сөзі бар ғой «Өзіңмен алыс өлгенше» деген. Сондықтан өзімнің шеберлігімді шыңдап, әртүрлі осындай жобаларға қатысып, шеберлігімді шыңдап жүрмін. Осы қыздарыма, немерелеріме үлгі болсын, өмір жолында пайдасы тисін деген мақсатта мен оны қалдырған емеспін.

Ұлттық өнерді ұлықтауға барынша үлес қосып жүрген құрақшыны «Отбасы күніне» орай жас тігіншілермен кездесуге шақырды. Студенттер шара барысында Күләйхан Байжанованың көпжылдық тәжірибесімен танысты.

Райкүл Байназарова, облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы:

- Бақытты отбасы тек қана еңбектің арқасында болатынын, мына берілген он саусақтың бәрі де жұмыс істеу керек екенін, адамға пайда келтіру керек екенін, жан-жағына жақсылық көрсету керек екенін Күләйхан жерлесіміз өзінің өмірі арқылы, өзінің өнері арқылы балаларымызға көрсетіп отыр.

Қазақстандық 200 құрақшы былтыр да елордада рекорд орнатқан екен. Рәміздер күні аясында өткен шара барысында 500 метр құрақ көрпеше тігіп, жұртшылықты таң-тамаша қалдырған. «Ал V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясындағы көрмеде осы рекордты жаңарту жоспарланып отыр», – дейді шеберлер.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Байділдаев.